BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ АРҚЫЛЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖЕРЛЕРІНЕ СПУТНИКТІК МОНИТОРИНГТІҢ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ ҚАЖЕТ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселесіне назар аударып, әкімдіктерге қайтарылған жерлерді келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуді тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысы өз сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz телеграм арнасына сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, 2022 жылдан бері жалпы аумағы 13,5 миллион гектардан астам жер мемлекетке қайтарылғанымен, оның 6 миллион гектары ғана жаңа жер игерушілерге берілген. Қасым-Жомарт Тоқаев жерді ел игілігіне жаратып, өндірістің ортасына айналдырудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар, жайылым тапшылығын шешу үшін қайтарылған жерлерді тиімді пайдалану қажеттігін ескертті.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәсілдерін түбегейлі өзгерту керектігін айтты. Оның сөзінше, бұл бағыттағы шешімдер электронды форматта, ашық конкурстар арқылы қабылдануы тиіс. Осыған байланысты Үкіметке жыл соңына дейін заңнамаға тиісті түзетулер енгізу тапсырылды.

Президент жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жою үшін цифрлық технологияларды кеңінен енгізудің маңызын да атап өтті. Қазірдің өзінде космомониторинг пен геоталдау жүйелері пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтауға септігін тигізіп жатыр.

«Жасанды интеллектіні қолданып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін арттыру керек. Соның негізінде жердің сапасы, егіннің шығымы, дәнді дақылдардың жай-күйі және қай жерде қандай дақыл егілгеніне терең талдау жасалуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеуді тапсырды. Онда кадастрлық мәліметтермен қатар, инфрақұрылымға және жер қойнауын пайдалануға қатысты ақпарат енгізілуі қажет екенін атап өтті.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *