BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: ҮКІМЕТ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ҚОЛДАНЫП, МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРГЕ МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗЕТІН ЖАҢА ЖҮЙЕ ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА ТИІС

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қатысты бірқатар міндеттерді айқындады. Бұл туралы «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, Akorda.kz Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Президенттің айтуынша, елде медицина нысандары кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 115 нысан ашылмақ. Қалаларда да ірі денсаулық сақтау орталықтары іске қосылды. Мәселен, Астанада онкология орталығы, Алматыда Жұқпалы аурулардың ғылыми орталығы ашылды.

Мемлекет басшысы өңірлерде бой көтерген көпбейінді ауруханаларды бюрократиялық кідіріссіз қолданысқа беруді тапсырды. Сондай-ақ мұндай нысандардың құрылысын жалғастыру және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жеке инвестиция тартудың маңызын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев фармацевтика саласын дамыту қажеттігіне де тоқталды. Оның айтуынша, отандық дәрі-дәрмектің түрі мен санын арттыру стратегиялық міндет болып табылады. Бұл бағыттың өзектілігі пандемия кезінде айқын сезілген.

Президент денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығына және медициналық қызметтерді тиімді бақылауға назар аударды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры кәсіпорындарға қатаң бақылау жүргізу арқылы шығындарды тежеп отырғанын атап өтті.

«Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президент дәрігерлердің мәртебесін көтеру және әлеуметтік жағдайын жақсарту шаралары жалғасатынын жеткізді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *