BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚАЗАҚСТАНДА БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ ЖАҢҒЫРТЫЛЫП, ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында адами капиталға жүйелі инвестициялар арқылы әділетті қоғам құру міндетін қойды. Бұл тапсырма бүгінде Үкіметтің кешенді жұмыстарының негізгі бағытына айналды. Ол мектепке дейінгі тәрбиеден бастап ғылыми зерттеулерді қолдауға дейінгі білім беру жүйесінің барлық сатысын қамтиды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазіргі таңда елімізде 11,8 мың мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Онда 1 миллионнан астам бала тәрбиеленуде. Үкіметтің жаңа балабақшалар ашу және қолжетімділікті арттыруға бағытталған шаралары нәтижесінде 2–6 жас аралығындағы балаларды қамту деңгейі 93,1%-ға жетіп, жыл соңына дейін 95%-ға дейін өседі деп жоспарланып отыр.

Орта білім беру саласында оқушылардың функционалдық сауаттылығы мен XXI ғасыр дағдыларын дамытуға ерекше назар аударылуда. Бұл Қазақстанның PISA халықаралық зерттеуіндегі позициясын нығайтуға ықпал етті. 2024–2025 оқу жылында халықаралық олимпиадаларға қатысқан қазақстандық оқушылардың жартысынан астамы жүлдегер атанып, ел қоржынына 1000-нан астам медаль әкелді.

Елімізде инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 2025 жылы 232 жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Сондай-ақ 245 мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп, 1 мыңнан астам ауыл мектебі жаңартылмақ. Білім беру ұйымдарына заманауи пәндік кабинеттер сатып алынып, оқулықтардың электрондық форматқа көшуі жалғасып жатыр.

Жоғары және кәсіби білім беру саласында да ауқымды өзгерістер жүзеге асырылуда. Білім гранттарының саны соңғы бес жылда 50%-ға артып, 2024 жылы 93 мыңнан асты. Шәкіртақы көлемі кезең-кезеңімен өсіріліп, студенттерге әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілді. Сонымен бірге жатақхана салу бағдарламасы белсенді жүргізілуде: 2018 жылдан бері 62 мың орындық 251 жаңа жатақхана пайдалануға берілді.

Қазақстан халықаралық әріптестікті нығайтып, өңірлік білім беру хабына айналуға ұмтылуда. Бүгінде елде шетелдік жетекші университеттердің 24 филиалы ашылды, ал 2025 жылға дейін тағы 10 филиал іске қосылмақ. Сондай-ақ жасанды интеллект саласын дамытуға бағытталған AI-Sana бағдарламасы жүзеге асырылып, 390 мыңнан астам студент оқытылды.

Ғылым саласында да жүйелі шаралар қолға алынған. Зерттеу университеттерінің саны артып, ғалымдардың жалақысы мен үстемақылары көбейді. Ғылымды қаржыландыру көлемі 3,3 есе өсіп, 2 297 жоба мен 162 бағдарлама жүзеге асырылуда. Жас ғалымдардың үлесі артып, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға басымдық берілуде.

Бұл кешенді жұмыстар Қазақстанның білім беру жүйесін жаңғыртуға, ғылыми әлеуетін арттыруға және жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *