ЕЛІМІЗДЕ СИЫР ЕТІ ЭКСПОРТЫНА КВОТА ЕНГІЗІЛЕДІ
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысында сиыр еті экспортына квота енгізу туралы шешім қабылданды. – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Ішкі нарықтағы бағаның өсуін тежеу және халықты ірі қара етімен жеткілікті көлемде қамтамасыз ету мақсатында уақытша шектеу енгізілмек. Квота ірі өндірушілерге қолданыстағы келісімшарттар бойынша жеткізілімдерді орындауға және сыртқы сату нарықтарын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Тиісті бұйрық Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қабылданады.
Сонымен қатар отырыста Қазақстаннан автокөлік және теміржол көлігі арқылы бензин, дизель отыны мен мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салуды ұзарту жөнінде шешім қабылданды. Бұл шара ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған. 2026 жылғы қаңтардан бастап жеңіл дистилляттарды, авиациялық керосинді, дизель отынын, газойльдарды, толуолды, ксилолды және мұнай битумын ЕАЭО кедендік аумағынан тысқары шығаруға қойылған тыйым да алты айға ұзартылатын болады