BASTY BETJAŃALYQTAR

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПЕДАГОГТЕР СЬЕЗІ ӨТТІ

Мұғалімдер күні қарсаңында бүгін елорда төрінде президенттің қатысуымен республикалық педагогтер сьезі өтті. Маңызды жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен 700-ден астам мұғалім келген. Шараның аясы кең. Мұғалімдер білім берудің өзекті мәселелерін қарап, өзара тәжірибелерімен бөліседі.

Президент ең алдымен жиынға қатысушыларды Ұстаздар күнімен құттықтап, еліміздің болашағы жарқын, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүргенін атап өтті. Педагогтердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, беделін арттыруға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатқанын баса айтты.

– Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі. Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті,-дейді Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР президенті

Ауқымды шарада мамандар білім беру сапасын артырудың негізгі тетіктерін айқындайды. Астанаға бір күн бұрын келген ұстаздардың рухани демалуы үшін де жағдай жасалған. Қала ішінде арнайы экскурсия ұйымдастырылып, музыкалық драма театрында «Шәмші» спектаклін тамашалады.

– Сьезге 500-ден астам делегаттар шақыртылды. Олардың ішінде шеберлер, зерттеушілер, эксперттер, жастар бар. Мен ойлаймын олардың бұл шараға қатысуы үлкен тәжірибе,-дейді Айгүл Мұқашева, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы

Жиын барысында Астана қаласындағы және өңірлердегі мектептер мен колледждерде еңбек ететін ұстаздар сөз сөйлеп, білім саласын дамыту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Мемлекет басшысы бірқатар ардагер ұстаздарды «Қазақстан Республикасына еңбек сіңіргені үшін» медальімен марапаттады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *