ЖУАЛЫ АУДАНЫНДА 60 ПӘТЕРЛІ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛДІ
Жуалы ауданының орталығында жаңадан салынған 60 пәтерлі тұрғын үйдің кілттері иелеріне табысталды. Салтанатты рәсімге Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, қоныс иелерін қоныстойларымен құттықтады,-деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі, аймақ басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы өткен жылы басталып, бас мердігер «Бином» ЖШС болды. Пәтерлер баспана кезегінде тұрған азаматтарға берілді.
– Пәтер кезегіндегі тұрғындар санын азайту мақсатында жыл сайын тұрғын үй құрылысының көлемін арттырып келеміз. Аудан тұрғындарын баспанамен қамту бағытында нақты міндеттер жүктелді. Бүгінгі қоныс иелерін шын жүректен құттықтаймын, – деді облыс әкімі.
Бес баланың анасы Роза Керімбаева ұзақ жылдар бойы пәтер кезегінде тұрғанын айтып, өз алғысын білдірді.
– Көптен күткен арманымыз орындалды. Ұзақ жылдар бойы осы сәтті күттік. Баршаңызға алғыс айтамын, – деді ол.
2024 жылы Жамбыл облысында 759 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 4,5%-ға артты. Биыл 765 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа енгізу жоспарланған.
Айта кетейік, сонымен қатар әлеуметтік осал топтарға 21,5 млрд теңгеге 1 415 пәтер сатып алу көзделуде. Өткен жылы өңірде 2 830 баспана берілсе, биыл 3 445 отбасы жаңа баспаналы болмақ. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21,7%-ға көп.