РЕКОРДТЫ КӨРСЕТКІШ: БИЫЛ 19,2 МЛН ШАРШЫ МЕТР ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ ДЕП ЖОСПАРЛАНУДА
Қазақстанда тұрғын үй құрылысы қарқынды дамуда. Мемлекет басшысының қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында биыл ел бойынша рекордты 19,2 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз конференциясында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі ҚР Үкіметінің ресми Telegram арнасына сілтеме жасап.
Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 7,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Құрылыстың жоғары қарқыны жыл соңына дейін белгіленген межені орындауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, энергетика саласында да өсім байқалады. 2024 жылдың алғашқы алты айында 62,2 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3%-ға артық. 2028 жылға қарай жалпы қуаты шамамен 6700 МВт болатын жаңа электр генерациясы іске қосылады. Оның ішінде биыл дәстүрлі және баламалы көздер бойынша 620 МВт қуат жүйеге енгізіледі.
Инвестиция тарту бағытында да оң динамика байқалуда. Инвестициялық штаб аясында жыл басынан бері жалпы құны 60 млрд АҚШ долларын құрайтын 71 ірі инвестициялық жоба қаралған. Бұл жобаларды сүйемелдеу Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа арқылы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда бұл платформада жалпы сомасы 77 трлн теңгеден асатын 1 106 жоба тіркелген.
«Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары қатаң бақылауда тұр», — деді Роман Скляр.