МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ КӨЛІК САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН МАРАПАТТАДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көлік саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың ел дамуына қосып отырған елеулі үлесін атап өтті. Мемлекет басшысы көлік жүйесінің стратегиялық маңызын, оның экономика мен халықаралық байланыстардағы рөлін ерекше бағалады,-деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
– Қазақстан – Еуразиядағы маңызды транзиттік хабтың бірі. Транскаспий халықаралық көлік бағдары, теміржол және автожол инфрақұрылымын жаңғырту, авиация саласын дамыту – еліміздің экономикалық өркендеуінің басты бағыттарының бірі, – деді Қ. Тоқаев.
Президенттің айтуынша, биыл «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі аяқталады, Алматы бекетін айналып өтетін жаңа теміржол іске қосылады. Сондай-ақ «Мойынты – Қызылжар», «Дарбаза – Мақтаарал» және «Аягөз – Бақты» бағыттарында ауқымды теміржол құрылыстары жүргізілуде.
Автожол саласында өткен жылы 7 мың шақырым жол пайдалануға беріліп, бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асты. Әуе қатынасы бағытында жаңа әуежай терминалдары ашылып, жолаушылар ағыны артқан.
Салтанатты жиында еліміздің көлік саласын дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Атап айтқанда, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ардагері Қалтай Сәмбетовке берілді. Ол 66 жыл бойы үздіксіз еңбек етіп, теміржол саласы мен көлік инфрақұрылымын дамытуға зор үлес қосқан. Бұл – көлік саласы өкілінің аталған жоғары мемлекеттік марапатты тұңғыш рет иеленуі.
Сонымен қатар жаңа құрметті атақ – «Қазақстанның көлік саласының еңбек сіңірген қайраткері» еңбек ардагерлері Борис Исинамановқа, Владимир Аверкинге, Қанат Шайминге және Андрей Горватқа табысталды.
Жиында сала ардагерлері атынан Қалтай Сәмбетов, Владимир Аверкин және Нұрзейнеп Пірманова сөз сөйлеп, мемлекет тарапынан көрсетілген құрмет пен қолдау үшін алғыс білдірді.