БИЫЛ 94 ЕЛДІ МЕКЕН ГАЗБЕН ҚАМТЫЛЫП, 300 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ
Қазақстанда елді мекендерді газдандыру деңгейін арттыру және газ саласының инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі ҚР Үкіметінің ресми Telegram арнасына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында биыл елімізде 62 млрд текше метр газ өндіру жоспарланған. Жыл соңына дейін 94 елді мекен газбен қамтамасыз етіліп, 300 мыңнан астам адам көгілдір отынға қол жеткізеді.
Қыркүйек айында ұзындығы 302 шақырымды құрайтын «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбыры іске қосылады. Бұл жоба арқылы Алматы облысындағы 60-тан астам елді мекенді газдандыру мүмкін болады.
Сондай-ақ биыл сәуір айында «Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісінің құрылысы басталды. Оны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Мұнай-газ саласында да оң көрсеткіштер байқалуда. Жылдың алғашқы жартыжылдығында елімізде 7,6 млн тонна мұнай өнімі өндірілді. Бұл ретте жылдық жоспар – 14,8 млн тонна.
Ал мұнай-газ химиясы саласында 6 ай ішінде 380 мың тоннадан астам өнім өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 12,7%-ға өсім тіркелді.