ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ «QAZAQGAZ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ САНЖАР ЖАРКЕШОВТІ ҚАБЫЛДАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешовті қабылдап, газ саласындағы негізгі жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты,-деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Санжар Жаркешов елдегі газдандыру деңгейі 62,4%-ға жеткенін баяндады. Соңғы үш жыл ішінде 1,7 миллионға жуық азамат табиғи газға қосылған.
Президентке Талдықорған – Үшарал бағытындағы газ құбырының желілік бөлігі толық аяқталып, Жетісу облысындағы 66 елді мекенге газ жеткізуге мүмкіндік туғаны жөнінде есеп берілді. Сонымен қатар, Қашаған кен орнында сұйытылған мұнай газын ауыстырып тиеу және фракциялау зауытының құрылысы, сондай-ақ Бейнеу – Бозой – Шымкент магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жұмыстары басталғаны айтылды.
Түркиялық ESTA инвесторымен бірлесіп, құны 1,35 млрд доллар болатын карбамид зауытының құрылысы қолға алынғаны да атап өтілді.
Компания басшысының айтуынша, Ресей газын Қазақстан арқылы Өзбекстанға жеткізу көлемі ұлғайып келеді. Бұл — өңірлік деңгейдегі ынтымақтастық пен энергетикалық тұрақтылық үшін маңызды бағыттардың бірі. Сонымен қатар, Орта Азия – Орталық магистральды газ құбырында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жоба да Қазақстанның энергетикалық хаб ретіндегі рөлін күшейтеді.
Кездесуде газ саласын цифрландыру мәселесі де көтерілді. Атап айтқанда, NVIDIA графикалық чиптерімен жабдықталған суперкомпьютерді қолдана отырып, өндірістік процестерді оңтайландыру жоспарлары таныстырылды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа газдың ресурстық базасын дамыту аясында қол қойылған стратегиялық келісімдер жайында мәлімет берілді. Олардың қатарында «Аққұдық» және «Северный-2» учаскелеріндегі жер қойнауын пайдалануға қатысты келісімшарттар, сондай-ақ CNPC компаниясымен «Северный-1» учаскесінде барлау жұмыстарын бірлесе жүргізу туралы уағдаластық бар.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы алдағы жылыту маусымына дайындықты пысықтап, газ секторындағы даму қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.