BASTY BETJAŃALYQTAR

ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАЛЫҚ КҮРДЕЛІЛІК ИНДЕКСІНДЕ 55-ОРЫНҒА КӨТЕРІЛДІ

Harvard Growth Lab зертханасы Экономикалық күрделілік индексінің (Economic Complexity Index, ECI) жаңартылған нәтижелерін жариялады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 0,38 балл жинап, әлемнің 145 елі ішінде 55-орынды иеленді – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Жаңартылған есепте алдыңғы жылдардың деректері қайта қаралған. Бұған дейін 2023 жылғы рейтингте Қазақстан 89-орында көрсетіліп, индекс көрсеткіші -0,44 болған. Ал жаңартылған нұсқада сол 2023 жыл бойынша ел 0,45 балмен 52-орынға орналасты. Осылайша, 2023 жылдан бастап Қазақстан экономикасы күрделілігі жоғары мемлекеттер қатарына жіктелген.

2024 жылдың нәтижесі бойынша ел 52-орыннан 55-орынға төмендегенімен, ұзақмерзімді динамика құрылымдық ілгерілеуді көрсетеді. Қазақстан күрделі экономикалар тізіміндегі алғашқы елу елге жақындай түскен.

Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында, атап айтқанда, күші жойылған Қазақстан Республикасын 2025 жылға дейін дамыту жөніндегі стратегиялық жоспарда елдің Экономикалық күрделілік индексінде 55-орынға жетуі нысаналы көрсеткіш ретінде белгіленген еді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл межеге қол жеткізілді.

2020–2024 жылдар аралығында Қазақстан рейтингте 87-орыннан 55-орынға көтеріліп, 32 сатыға жоғарылады. Көршілес мемлекеттермен салыстырғанда, бұл ең жоғары өсім көрсеткіші. Осы кезеңде Өзбекстан 86-орыннан 70-орынға көтерілді. Қырғызстан 78-орыннан 72-орынға жылжыды. Түрікменстан 127-орыннан 126-орынға өзгерді. Ресей 38-орыннан 67-орынға төмендеді.

Индекс деректері Қазақстан экономикасында құрылымдық өзгерістер жүріп жатқанын аңғартады. Бұл көрсеткіш елдің өндіріс құрылымын әртараптандыру және шикізаттық модельден біртіндеп алшақтау үдерісімен байланысты.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *