BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ТОҚАЕВ БАС ПРОКУРОРДЫҢ ЕСЕБІН ТЫҢДАДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловты қабылдап, елдегі заңдылықтың жай-күйі мен прокуратура органдарының жұмысы туралы есебін тыңдады, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

Бас прокурордың мәліметінше, биылғы тоғыз айда қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 14,6 пайызға азайған. Қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар 22,3 пайызға, көшедегі заңсыз әрекеттер 20,1 пайызға төмендеген. Сонымен қатар интернет-алаяқтыққа, есірткі қылмысына және басқа да қауіпті құқық бұзушылықтарға қарсы шаралар қабылданған.

Кездесуде қайтарылған активтер мәселесі де сөз болды. Бүгінде жалпы сомасы 1,3 триллион теңге болатын активтер мемлекетке қайтарылған. Осы қаражат есебінен 466 әлеуметтік инфрақұрылым нысанының құрылысы мен жаңғырту жұмыстары қаржыландырылып, оның 378-і аяқталған. Алты облыста ірі медициналық нысандар, Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы футбол стадионы пайдалануға берілген. Сондай-ақ Балқаш, Павлодар және Арқалық әуежайларын жаңғырту жұмыстары аяқталған.

Халықаралық ынтымақтастық аясында Қазақстанға 50 адам экстрадицияланып, шет мемлекеттерге 123 адам берілген. Бас прокуратура 39 юрисдикциямен 92 екіжақты келісімге қол қойған.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытында жыл басынан бері 2 886 инвесторға көмек көрсетілген. Прокурорлар 3,5 мың инвестициялық жобаның іске асуын қадағалап отыр.

Әлеуметтік-экономикалық салада 413 мың азаматтың конституциялық құқығы қалпына келтірілген. Оның ішінде 200 мыңнан астам жұмыскердің еңбек құқығы қорғалған. Еңбекақы бойынша 2,5 миллиард теңге, алимент бойынша 7,9 миллиард теңге берешек өндірілген. Бұдан бөлек, мемлекет қаржысын жұмсау кезінде 535 миллиард теңгенің заңсыз шығынына тосқауыл қойылып, бюджетке 66,4 миллиард теңге қайтарылған.

Кездесуде «Заң мен тәртіп» қағидатын, әсіресе жастар арасында ілгерілету, прокуратура жұмысына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу мәселелері талқыланды.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы барлық салада заңдылықты қамтамасыз ету, заң үстемдігі мен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ электоралдық кезеңде құқықтық тәртіпті сақтауға және Әділетті Қазақстанның конституциялық құндылықтарын қорғауға баса мән беруді міндеттеді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *