ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ БОЙЫНША ҚАЗАҚСТАН РЕЙТИНГІНДЕ КӨШ БАСТАДЫ
Жамбыл облысының экономикасы тұрақты өсім қарқынын көрсетіп отыр. 2025 жылдың қаңтар–сәуір айлары аралығындағы қорытынды бойынша, өңір экономикасының өсімі 15,8 пайызды құрап, бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары,-деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпарат агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Экономикалық өсімге өнеркәсіп (23,6%), құрылыс (22,1%), көлік (11,2%), байланыс (7,7%), сауда (2,5%) және ауыл шаруашылығы (0,7%) салаларындағы оң динамика айтарлықтай үлес қосқан.
Өңір дамуының негізгі драйверлерінің бірі – инвестиция тарту. Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің нақты индексі айтарлықтай өскен өңірлер арасында Жамбыл облысы бірінші орында тұр.
Атап айтқанда, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 1,7 есеге артып, 190,8 млрд теңгені құрады. Бұл бизнес қауымдастық тарапынан өңірдің экономикалық әлеуетіне деген сенімнің артқанын көрсетеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, инвестициялардың басым бөлігі өндірістік және инфрақұрылымдық салаларға бағытталған. Бұл елдің экономикалық саясатының басымдықтарын және өндірістік әлеуетті нығайтуға бағытталған жүйелі қадамдарды айғақтайды.
Тұрғын үй құрылысы саласында да оң үрдіс байқалуда. 2025 жылдың алғашқы төрт айында пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 173,2 мың шаршы метрді құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,5 пайызға артық.
Жалпы, көрсеткіштердің оң серпіні Жамбыл облысы экономикасының тұрақтылығын және оның даму әлеуетінің жоғары екенін айғақтайды.