BASTY BETBİLİMJAŃALYQTARQOǴAM

ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТЕУ ЖҰМЫСТАРЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛМЕК

Өңіріміздегі беделді жоғары оқу орындарының бірі — Мұхаммед Қайдар Дулати университеті ғылым саласында бірқатар тың бастамаларды жүзеге асырмақ. Мәселен, былтырғы жылдың өзінде оқу орнында 64 ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілген, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Дулати университеті — аймақтық ғылыми орталық болып табылады. Мұнда ғылыми әлеует пен материалдық-техникалық база шоғырланған, олар аймақтың сұраныстарын тиімді шешуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда университет қабырғасында 11 фундаменталды тақырыпқа, 20 қолданбалы және 15 тәжірибелік-конструкторлық тақырыпқа ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аймақта ғылым саласындағы көшбасшылықты сақтап қалу үшін университет өз ғылыми бағыттарын жетілдіріп, оларды Қазақстан Республикасының фундаменталды және қолданбалы зерттеулер бағдарламаларының басымдықтарына сәйкес қалыптастырады. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарына ресурстарын жаңартып, түрлі республикалық және халықаралық гранттық конкурстарға қатысуда. Университетте 46 ғылыми-зерттеу тақырыбы бойынша ғылыми жұмыстар жүргізілуде, – дейді ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаев.

Биылғы жылдың өзінде университеттің 6 жас ғалымы «Жас ғалым» гранттық жобалар конкурсында 2025–2027 жылдарға арналған жобалар бойынша жеңімпаз атанып, жалпы сомасы 177,26 миллион теңге қаржыландыру алған. Мамандардың сөзінше, тағы бірқатар гранттық конкурстардың нәтижесі әлі шықпаған.

Жауаптылардың айтуынша, ғылыми жарияланымдардың саны мен сапасы да өскен. Соңғы 4 жыл ішінде 394 мақала Scopus және Web of Science дерекқорында, ал 583 мақала ҚР ҒЖБМ ұсынған журналдарда жарияланған.

Автор: Қанат Күзберген

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *