«ҮКІЛІ АРУ» СҰЛУЛЫҚ БАЙҚАУЫ
Сұлулар бағын сынап, өзара бәйгеге түсті. Облыстық «Үкілі ару» сұлулық байқауында 13 бірдей сұлу да сымбатты қыз өнерін көрсетті. Биыл 10-шы рет ұйымдастырылып отырған бұл байқау ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға бағытталған.
«Үкілі ару» облыстық сұлулық байқауына барлығы 18 үміткер өтініш берген. Олардың барлығы – жоғары оқу орындарының студенттері. Іріктеуден өткен 13 ару финалға жолдама алды.
– Қазақ халқының мәдени құндылықтарын дәріптеу, ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттау және жас қыздардың бойында инабаттылық пен парасаттылықты қалыптастыру мақсатында бұл байқау өткізіледі, – деді Ш. Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Гүлшат Құлабекова.
Қазылар алқасының құрамында танымал тұлғалар, мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ өткен жылғы «Үкілі ару» байқауының жеңімпазы болды.
Жеңімпаздарға арнайы дипломдар, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, қатысушылар «Сымбатты ару», «Зерделі ару», «Инабатты ару» секілді түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Автор: Зарина Мырзашева