BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ АМЕРИКАЛЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯМЕН КЕЗДЕСТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гормен және АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Кристофер Ландаумен кездесті. Кездесуде Вашингтонда өтетін С5+1 саммиті қарсаңында қазақ-америка кеңейтілген стратегиялық серіктестігін дамыту перспективасы талқыланды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың С5+1 саммитіне арнайы шақырғаны үшін алғыс білдіріп, алдағы жоғары деңгейдегі кездесудің екі ел арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың басты бағыттарын айқындауға септігін тигізетініне сенім артты. Мемлекет басшысы Қазақстанның Америка Құрама Штаттарымен сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін атап өтті.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің АҚШ Президенті жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатты қолдайтынын айтып, Дональд Трамптың бейбітшілікті нығайтуға және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесін жоғары бағалады.

Мемлекет басшысы жаһандық үдерістердегі Орталық Азияның рөлі артып келе жатқанын айтып, аймақ елдерінің бұрын-соңды болмаған бірлік пен өзара түсіністіктің үлгісін көрсетіп отырғанын атап өтті.

Өз кезегінде Серджио Гор Қасым-Жомарт Тоқаевқа АҚШ Президентінің сәлемін жеткізіп, Орталық Азия өңірінің Вашингтон үшін стратегиялық маңызын растады. Оның айтуынша, алдағы саммит екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында тараптар энергетика, маңызды минералдар, цифрландыру, көлік және логистика салаларындағы өзара тиімді серіктестіктің әлеуетін талқылады. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге назар аударылды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *