ЭКОНОМИКАНЫҢ 6,3%-ҒА ӨСУІ: БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ШАРАЛАРЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА
Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы тапсырмалары аясында тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, кәсіпкерлікті дамытуға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған шараларды жүзеге асырып келеді. 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша ел экономикасының өсімі 6,3%-ды құрады. Бұл көрсеткіш жыл басындағы деңгейден 2,3 пайыздық тармаққа жоғары. Экономикалық серпін көлік, құрылыс, сауда және өнеркәсіп салаларындағы оң нәтижелер есебінен қамтамасыз етілді. – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Өсімнің негізгі факторларының бірі – экономиканы әртараптандыру және салаларды теңгерімді дамыту. Көлік және қоймалау қызметтері 21,2%-ға, құрылыс – 14,9%-ға, сауда – 8,8%-ға, тау-кен өндірісі – 9,3%-ға, ал өңдеу өнеркәсібі – 6,2%-ға артқан. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 13,5%-ға ұлғайып, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне инвестиция 30,7%-ға өсті.
Елімізде шағын және орта бизнестің белсенділігі артып келеді. 2025 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша 2,17 млн кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,4%-ға жоғары. ШОБ үлесі жалпы ішкі өнімде 38,6%-ға жетіп, өнім шығару көлемі 18,7 трлн теңгеге дейін өсті.
Бизнесті қолдау бағытында қабылданған шаралар нәтижесінде тексерулер саны азайып, артық талаптар қысқартылды. Кәсіпкерлерге арналған «eGov Business» мобильді қосымшасы іске қосылып, 30-дан астам мемлекеттік қызмет түрі цифрлық форматта қолжетімді болды.
Жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары аясында 2024 жылы жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге жуық 26 мыңнан астам жоба қолдау тапты. Ал жаңа «Өрлеу» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлерге 10 жылға дейінгі мерзімге 12,6% мөлшерлемемен 7 млрд теңгеге дейін несие алу мүмкіндігі берілді.
Мемлекеттік активтерді оңтайландыру жалғасуда. 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін жалпы құны 922 млрд теңгеден асатын 396 нысан жекешелендірілді. «Қазмұнайгаз», «KEGOC» және «Эйр Астана» компаниялары IPO/SPO арқылы нарыққа шығарылды.
Сонымен қатар мемлекет пен бизнестің өзара тиімді әріптестігі аясында жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. 2025 жылы Қазақстанға 17,2 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылып, 45 жаңа жоба іске қосылды және 6 200 жұмыс орны ашылды.
Үкімет алдағы кезеңде де кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту және экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыратын болады.

