«КЕЛЕШЕК» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ КӨП
«Келешек» бағдарламасы арқылы балаңыздың біліміне 7,5 млн теңге жинауға болады. Шарты қарапайым. Алғашқы жарна мемлекеттен төленеді. Яғни, 240 мың теңге көлемінде қаражат шотқа түседі. Ал баланың оқуына ай сайын 8 мың теңгеге жуық қаражат салып отырса жеткілікті. Тіпті, бұл қаражатты жылына бір рет бірден салса да болады,- деп хабарлайды «Taraz24newskz» ақпарат агенттігі.
«Келешек» – баланың оқуына қаражат жинауға мүмкіндік беретін бағдарлама.
Жоба – ата-аналарға міндеттелмейді. Ерікті түрде жүзеге асады. Ерекшелігі баланың есепшотына ата-ана ғана емес, мемлекет те ақша салып отырады. Шарты қарапайым.
Бес жастағы балаға есепшот ашу қажет. Ол екінші деңгейлі банк немесе сақтандыру компаниясы арқылы ашылады. Дәл осы шотқа алғашқы төлем мемлекеттен түседі. Қаржы мөлшері 60 айлық көрсеткіш көлемінде болады. Ал, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға бұл төлем көлемі екі есеге көп.
7,5 млн теңге жиналу үшін не істеу керек? «Келешек» есепшотына ата-ананың бір жылда құятын қаражаты 24 АЕК көлемінен төмен болмауы тиіс. Бұл шашамен 95 мың теңге. Ал, бұл қаражатты әр айға бөлсеңіз, 8 мың теңге шамасында ғана шығады. Яғни, шотқа ай сайын 8 мың теңге көлемінде қаражат салып отыру керек. Тіпті, 12 ай бойы жинақтап, бірден де салуға болады.