АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМДАРЫН ІРІЛЕНДІРУДІҢ МАҢЫЗЫ
2022 жылы елімізде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің 29,2 пайызы агроқұрылымдардың үлесіне тиесілі болып, жеке кәсіпкерлердің үлесі 32,8 пайыз, ал халық шаруашылығы үлесі 38 пайызды құрады. Статистика мәліметтері бойынша өсімдік шаруашылығы өнімінің 20,8 пайызы, ал мал шаруашылығы өнімдерінің 65,4 пайызы жұртшылық шаруашылығының үлесіне тиесілі болған. Бұл дегеніміз – мал шаруашылығы өнімдері негізінен халықтың жеке қосалқы шаруашылықтары есебінен өндірілгенін білдіреді. Бұл мәліметтер ауыл шаруашылығындағы құрылымдарда шағын және орта кәсіпкерліктің басымдығын, олардың өнім өндірудегі әлеуетінің тиісті дәрежеде еместігін көрсетеді, – деп хабарлайды «Taraz24newskz» ақпарат агенттігі.
Шаруа қожалықтары мен фермерлердің иелігіндегі егіс алқаптарының шағын көлемі және олардың өндірістік әлеуетінің төмендігі өндіріске озық технологиялар мен ғылым жетістіктерін енгізуге толық мүмкіндік бермеуде. Соның салдарынан ауылшаруашылық дақылдары мен мал өнімдерінің түсімділігі жоғарғы деңгейде емес. Осы жағдай ішкі нарықтағы ауылшаруашылық өнімдеріне деген сұранысты толық қамтамасыз етпей, импортқа тәуелділікті қалыптастыруда. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің тәжірибесінде шаруашылық мәселесімен өздерінің отбасылары ғана айналысып, ауылдағы жұмыссыздықты жоя алмауда және табыстары ауылдағы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталмаған, өндірістері ұсақ тауарлы сипатта қалуда. Шындығына келсек, шағын ауылшаруашылық құрылымдары өздерінің шаруашылығын қажетті мамандарсыз жүргізуде. Олардың функциясын қолдарынан келгенше шаруашылық басшылары өздері орындауда. Себебі, өндіріске қажетті мамандарды шағын шаруашылықта ұстау қаржылық тұрғыда тиімді емес. Алайда, осы қожалықтарда білікті мамандарсыз озық заманауи технологиялар мен ғылым жетістіктерін енгізу, ауыл шаруашылығының тиімділігін тиісті дәрежеге көтеру мүмкін емес.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың негізгі жолы – ауылшаруашылық құрылымдарды ірілендіру. Шағын құрылымдардың ауылшаруашылық кооперацияларына бірігуге ынталандырудың мәні зор.
Кооператив – бұл ортақ экономикалық, әлеуметтік және мәдени қажеттіліктер мен ұмтылыстарын бірлесіп және демократиялық жолмен басқаратын кәсіпорын арқылы қанағаттандыру үшін өз еркімен біріккен адамдардың автономды қауымдастығы. Яғни, кооперативтер – фермерлерге жеке-жеке қол жеткізуге болмайтын әлеуметтік-экономикалық мақсаттарға жету үшін қызмет көрсететін құрылым.
Ауыл шаруашылығындағы кооперативтердің тиімділігін әлемдегі дамыған елдердің тәжірибесінен көруге болады. Халықаралық тәжірибеде әлемнің көптеген еліндегі кооперативтер ауыл шаруашылығын дамытудың негізіне айналған. Мысалы, Нидерландыда 83, Финляндияда 80, Италияда 55 және Европалық одақта фермерлік шаруашылықтардың орта есеппен 57 пайызы кооперативтердің мүшесі.
Бүгінде елімізде кооперативтер үшін жергілікті бюджеттер есебінен мемлекеттік қолдаудың барлық шарасы қолжетімді. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында кооперативтерге ауыл шаруашылығы техникасын және қажетті жабдықтарды сатып алуға, өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін шағын цехтар ашуға тиімді несие алу қарастырылған. Инвестициялық субсидиялау ережесінде кооперативтер үшін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтардың жекелеген түрі бойынша жергілікті бюджет қаражаты есебінен 50 пайызға дейінгі құнын субсидиялаудың басымдығы мен жоғары нормативтері қарастырылған. Соған қарамастан, еліміздегі шаруа қожалықтары мен фермерлер өз еркімен ауылшаруашылық кооперацияларына бірігуге құлықты емес.
Оның басты себептеріне шағын, орта бизнес өкілдерінің кооперативтерге сенімсіздігі, нормативтік-құқықтық базалардың жетілмегендігі және кооперативтің тартымдылығы туралы ақпараттың тиісті дәрежеде жүргізілмеуін жатқызуға болады.
«Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында» ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға бағытталған шаралар қарастырылған. Көп жағдайда жеке кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары сол шаралармен таныс емес және оларды жүзеге асыру шаралары тиісті дәрежеде жүргізілмеуде. Сондықтан тұжырымдамадағы қабылданған іс-шаралар туралы ақпаратты агроқұрылымдарға жеткізу жұмыстарын жақсарту керек. Кооперацияның ерекшелігі мен тиімділігін шағын және орта бизнес өкілдеріне түсіндіріп, көмектесе алатын ақпараттармен арнайы айналысатын ұйымдар мен одақтардың жұмыс істегені жөн.
Ауыл шаруашылығы кооперативтерінде жер, су, еңбек ресурстарын, техникаларды тиімді пайдалануға және өндіріске озық технологияларды енгізу жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізуге қолайлы жағдайлар бар. Шағын және орта шаруа қожалықтары мен фермерлер кооперация құрамына біріккен жағдайда, озық технологияларды енгізуде олардың техникасын, мамандарын, өндірген өнімдерін өңдейтін құрылымдарының қызметін пайдалануға зор мүмкіндіктер туындайды.
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы субъектілері өндірген өнімдерін қолайлы бағамен өткізуде қиындықтарға ұшырауда. Көп жағдайда олар делдалдардың көмегіне жүгінуде. Сондықтан шағын, орта кәсіпкерлік субъектілердің өнімін форварттық сатып алу жолын жүзеге асыруды енгізудің маңызы зор. Бұл өз кезегінде шаруа қожалықтары мен фермерлердің жағдайын жақсартып, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға мүмкіндіктер береді. Еліміздегі «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық корпорация АҚ-на ауыл шаруашылығы дақылдарын форвардтық сатып алу, дайын азық-түлік тауарларын, оның ішінде оффтейк келісімшарт жасау жолымен сатып алу, жемдік қор құру және жемдік астықты құс шаруашылығы, мал шаруашылығы кәсіпорындары мен субъектілеріне өткізу арқылы АӨК субъектілерін қолдау іс-шаралары бекітілген. Алайда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер өз өнімдерін осындай тиімді жолмен өткізу, сату жолдарын пайдаланбай отыр. Себебі, олар осындай шаралардың қабылданғанын, қандай құжаттарды дайындау және корпорация тарапынан қойылатын талаптар жөніндегі ақпараттарды жарнамалаудың жеткілікті еместігінде болып отыр.