AGROBASTY BETJAŃALYQTARАймақ

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ МЕРКІДЕ

Биыл ауа-райының қолайлы болуына байланысты, өңірдегі жиналатын ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім күтілуде. Енді шаруалардың алдында сол өнімді шашпай-төкпей, уақтылы жинап алу міндеті тұр. Осыған орай, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сейпілұлы Сапаров Жамбыл облысында жұмыс сапарымен болып, өңірдегі шаруалармен кездесті.

Аймақтағы егін жинау науқанын назарға алған министр аймақтағы аграрлық әлеуеті жоғары аудандардың бірі Меркіге барып, шаруалардың жай-күйімен танысты. Меркілік шаруалар биыл қант қызылшасын өндіруге аса мән беріп отыр. Министр тоқтаған «Трансфер» шаруа қожалығы былтыр 160 гектарға тәтті түбір егіп, 12 мың тонна өнімді өңдеуге өткізген. Ал биыл 150 гектарға қызылша еккен, алайда өнім көлемі былтырғыдан да жоғары болады деп күтілуде екен.

Кәсіпорында жаңа егін жинау қыркүйек айында басталды. Кәсіпорында әкелінетін өнімнің үлкен көлеміне байланысты егінді қабылдау кезінде қиындықтар туындады, кезектер пайда болды. Мәжбүрлі ұзақ күту фермерлердің наразылығын тудырды.

АШМ мәселені шешу мақсатында Жамбыл облысымен бірлесіп, жағдайды шешуге бағытталған жедел шаралар қабылдады.

10 қазаннан бастап зауыттың қант қызылшасын қабылдаудың тәуліктік қуаты 4,5 мыңнан 5,9-6 мың тоннаға дейін ұлғайтылды, өнімдер бекітілген кестеге сәйкес қабылданады.

Министр акционерлермен кездесті, жүргізушілермен келіссөздер жүргізді және фермерлердің қызылша жеткізілімдері реттелгеніне жеке көз жеткізді.

Айдарбек Сейпілұлы аталған шаруашылықтың қызылша алқабында бірнеше ауданның қызылшашылармен кездесті. Министр алдымен шаруаларды тыңдап, қызылша жинау, өнімді тасымалдау мен өткізу, субсидиялау мәселелерін талқылады. Аталған мәселелердің барлығы министрліктің тікелей бақылауында екенін жеткізіп, жергілікті атқарушы органдар тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін айтты.

Ауыл шаруашылығы министрі Меркідегі қант зауытының да жұмысын назарға алды. Қант зауытындағы қызылша қабылдау пункті, оның сыйымдылығы және зауыттың техникалық дайындығы мен жаңғырту жұмыстарымен танысты. Кәсіпорын басшысына өнім қабылдау науқанына сақадай сай болуды және науқан кезінде зауыттың тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *