BASTY BETJAŃALYQTAR

Президент Алматыдағы жер сілкінісі туралы: Жауапты органдар дайын болмады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес өткізді.

25 қаңтарда Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматыда президенттің төрағалығымен сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес өтті.

Отырысқа Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің, Қауіпсіздік Кеңесінің басшылары, үкімет мүшелері, қалалар мен облыстардың әкімдері, сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар департаменттерінің басшылары қатысты.

Мемлекет басшысы ел аумағының үштен бір бөлігінде жер сілкінісі қаупі бар екенін айтты. Сейсмологиялық станциялар соңғы 5 жылда 45 мыңнан астам дүмпу жағдайын тіркеген. Оның көбі – төмен балдық жер сілкінісі.

– Бірақ, ашығын айту керек, Алматыда болған төтенше жағдай кезінде тиісті органдар шұғыл әрекет етуге толық дайын болған жоқ. Ал қала тұрғындары не істерін білмей, абдырап қалды. Дегенмен бұл жиынның басты мақсаты – сын айту емес, нақты шешімдер қабылдау. Мысалы, жұрттың көпшілігінде “төтенше жағдайға қажетті чемодан” да жоқ болып шықты. Тиісті оқу-үйрету шаралары мектептен, тіпті балабақшадан басталуы керек. Бұрын Алматыда осындай тәжірибе болған. Соны қайта жаңғырту қажет. Себебі қазір азаматтарды төтенше жағдайға дайындау жүйесі талапқа сай емес. Құзырлы органдар халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізуге тиіс. Оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде тұрақты жаттығу өткізіп тұру қажет. Бұл – өте маңызды. Осы жұмысты дереу қолға алу керек, – деді Президент.

Президент азаматтарды төтенше жағдайларға дайындаудың қазіргі жүйесі талапқа сай емес деп қосты. Ол уәкілетті органдар жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оқу орындарында және мемлекеттік органдарда жүйелі түрде оқыту жұмыстарын жүргізуі керектігін көрсетті.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *