ОЛЖАС БЕКТЕНОВ НАШАҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ШТАБ ОТЫРЫСЫН ӨТКІЗДІ
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Отырыста ішкі істер, денсаулық сақтау, оқу-ағарту, мәдениет және ақпарат министрлері Мемлекет басшысының Қауіпсіздік кеңесі отырысында берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндама жасады. Үкімет жанындағы Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия аясында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Олжас Бектенов нашақорлық пен есірткі қылмысы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін және жүйелі тәсілді қажет ететін өзекті мәселе екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету – қоғамның тұрақты дамуы мен азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызды шарты.
Премьер-министр мемлекеттік органдардың нашақорлықтың алдын алу мен есірткі бизнесіне қарсы күрес бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Бұл салада жаңа заңдар қабылданып, халықаралық ынтымақтастық кеңеюде. Сонымен қатар, аталған жұмыстардың қарқынын бәсеңдетпеу керектігіне назар аударды.
Қазіргі уақытта 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары әзірленуде. Жаңа стратегия жастармен, әсіресе NEET санатындағы оқымайтын және жұмыс істемейтін жастармен алдын алу жұмыстарына басымдық береді. Бұқаралық спорт пен шығармашылық жобалар арқылы тәуекел топтарына әсер етудің маңызы атап өтілді.
ІІМ басшысы Ержан Сәденов есірткінің интернет арқылы таралуына қарсы күрес жұмыстарының күшейгенін баяндады. «Кибернадзор» жүйесі арқылы анықталған сайттар саны 11 есеге артқан. 26,5 мыңнан астам интернет-ресурс жабылып, 35 мың карталық шот бұғатталды. 4 мыңнан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Денсаулық сақтау министрлігі есірткіге тәуелді адамдарды емдеу мен оңалтудың сапасын арттыру бойынша шаралар қабылдап жатыр. Наркологиялық хаттамалар қайта қаралып, халықаралық стандарттарға сай бағдарламалар енгізілуде.
Сонымен қатар, ІІМ ұсынысы бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, халықты қолжетімді экспресс-тестермен қамтамасыз ету тетіктері қарастырылуда. Бұл — бастапқы тұтыну фактілерін ерте анықтауға бағытталған алдын алу шарасы болмақ.
Білім беру саласында да профилактикалық жұмыстар жалғасуда: 360 мыңнан астам педагог тәрбиелік бағыттағы сабақтар өткізіп, 6,8 мың ата-аналарға арналған орталықтар жұмыс істеп тұр.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева есірткіге қарсы насихат жұмыстары жөнінде баяндама жасады. Премьер-министр бұл бағытта заманауи коммуникациялық тәсілдерді пайдалану, әлеуметтік жарнаманы кеңінен тарату қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Жасанды интеллект министрлігіне және ҰҚК-ге есірткі сайттары мен мақсатты жарнамаларды автоматты түрде анықтап, бұғаттау жүйесін жетілдіру тапсырылды.
Әділет министрлігіне сот сараптамасы органдарын заманауи құралдармен жабдықтау және сарапшылар даярлау тапсырылды. Ал шекара қызметтері өткізу бекеттерін жаңа бақылау жабдықтарымен қамтамасыз етпек.
Өңір әкімдеріне нашақорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық штабтарды жандандырып, аймақтық жағдайға сай нақты шаралар әзірлеу жүктелді.
Отырыс қорытындысында республикалық штабтың 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.