BASTY BETJAŃALYQTAR

ТҮРКИЯ ТУРИЗМІ ТУРАЛЫ КЕЗДЕСУ

Түркістан қаласында Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен, Түркияның Қазақстандағы туризм және мәдениет министрлігінің Туризм және мәдениет атташесі Солмаз Хаберал, Алпарслан Акынджы, Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында, тың тәжірибелер мен ортақ құндылықтарды біріктіру арқылы Түркістандағы туризмді одан әрі дамыту туралы сөз қозғалды.
Былтыр Түркия туристерді тарту бойынша әлемде үшінші орынға шыққан. Алпарслан Акынджынының сөзінше, алдағы бес жылда туризмнен түсетін табысты 100 миллиард долларға жеткізіп, 90 миллион туристтің келуіне мүмкіндік жасау жоспарланған. Мәселен 2022 жылғы деректерге сәйкес Түркияға келген туристер саны 51,4 миллионнан асқан. Бұл індет басталмай тұрғанда (2019 жылы) рекорд болған 51,8 миллионның 99 пайызына тең. 2022 жылы Түркияның туризм кірісі 2019 жылмен салыстырғанда 19 пайызға артып, рекордтық көрсеткішке жеткен. Сондай-ақ, Алпарслан Акынджы түркі жұртына танымал кейіпкерлерді жоба ретінде бекітіп, мәдениет және туризм саласында насихаттау өте маңызды екенін атап өтті.
«Қазақстанмен Түркия бауырлас мемлекет. Оның ішінде Түркістан түркі жұртының атамекені. Сондықтан бізді тарихтан бастап, мәдени құндылықтарымыз ұштастырады. Туризм ұғымы осы екі ел арасындағы байланыстан туындаған жобалар арқылы ілгерлей түсетіні анық. Мысалы Қожа Ахет Яссауи түркі жұртына тиесілі ғұлама. Оның ілімін насихаттайтын екі елге ортақ кино түсіруге болады. Тағы сол сияқты Қорқыт, Алпамыс одан арыға барсақ Тұмар патшайым бар. Біз осы құндылықтарды біріктірер болсақ турзимдік бағытқа жаңа серпін әкелеміз. Сондай-ақ Қазақстанға туризм саласы бойынша өз тәжірибемізді бөлісуге әрқашан дайынбыз» – деді, Алпарслан Акынджы.
Ал Түркияның Қазақстандағы туризм және мәдениет өкілі Солмаз Хаберал ханым Қазақстанда үлкен жобалар жасауға болатынын айтады.
«Қазақстанға өз еркіммен келдім. Себебі түбі бір түркі халықтарына ортақ мәдениетке қызмет ету – өзім үшін жаңа қадам. Қазір бақылап отырсам, Қазақстанға бірнеше ауқымды іс-шара, халықаралық жобалар ұйымдастыруға болады екен. Осы тұста қазақстандық инвесторларды екі ел мәдениетін ұштастыратын жобаларды бірлесіп жасауға шақырамын. Менің ойымша, бұл сіздер үшін де өте пайдалы дүние болары сөзсіз. Себебі мәдениет деген ұғымға келгенде «мемлекет қана атсалысу қажет» деген қағида жүрмейтіні сөзсіз» – дейді, Солмаз Хаберал ханым.

 


Одан әрі, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігіне қарасты Туризмді дамыту агенттігінің (TGA) 2024 жылға арналған жаңа жобалары БАҚ өкілдеріне таныстырылды. Журналистер Түркиядағы медицина, спорт туризмі, мәдениет және ішкі туризм саласында TGA компаниясының тәжірибелерімен танысып, ортақ жобалар жайлы ақпаратқа қанық болды. Алдағы уақытта, Түркиядағы туризмді дамыту агенттігі Қазақстанмен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді. Туристер Түркия туризмі туралы толық ақпаратты Түркия туризмін дамыту агенттігінің (TGA) www.gotürkiye.com ресми сайтынан біле алады.
Ғалия Бисейіт, Түркістан.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *