АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІ ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ОЛИМПИАДА БАСТАЛДЫ
Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқушыларға арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада басталды. Сынақ еліміздің білім министрі Ғани Бейсенбаевтың бастамасымен өтті. Бастапқы кезеңге қатысу үшін республика бойынша 85 401бала тіркелген. Шараның өңірдегі ашылу салтанаты Сарыкемер мектеп-гимназиясында өтті.
Олимпиада ережеге сәйкес 13 пән бойынша өткізіледі. Сайыс үш кезеңнен тұрады. Бастапқы, іріктеу және үшінші республикалық кезең. Бірінші дәрежелі диплом иегерлері жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысу үшін 2024 жылдың ақпан айында өтетін оқу-жаттығу жиындарына шақырту алады.
– Оқу жылының 2 тоқсанынан бастап дайындала бастадым. Ауылдағы мектеп оқушыларына осындай үлкен мүмкіндік жасап отырған Білім министрі Ғани Бектауұлына алғысымды білдіремін. Ауыл мектептерінің республикалық олимпиадасының арқасында білімімізді шыңдап, тәжірибе жинақтап, көптеген жетістіктерге жетуге мүмкіндік алдық,-дейді Көркем Талғатбекқызы, 10 сынып оқушысы
Олимпиадаға соңғы екі оқу жылында республиканың ауыл мектептерінде оқитын 9-11 сынып оқушыларының барлығы қатыса алады. Айта кету керек, auyl.daryn.kz сайтында бастапқы кезеңге қатысуға республика бойынша 85 мыңнан астам оқушы тіркелген. Оның ішінде Жамбыл облысынан олимпиадаға 7048 оқушы қатысыпы отыр. Ал, облысымыздың білімгерлері осындай жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп, ұйымдастырушылар тарапынан атап өтілуде.
– Жалпы, облысымыздағы оқушылар республикалық олимпиадаларда жақсы нәтиже көрсетуде. Соңғы 14 жыл ішінде республикалық ғылыми жоба байқауларында облысымыздың командасы «Үздік команда» атағын жеңіп алды. Өткен жылы біздің студенттер гуманитарлық пәндер олимпиадасында 1 орынға ие болды,-дейді Айдын Досыбаева, облыстық білім басқарма басшысының орынбасары
Бұл олимпиада Қазақстанның шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балалардың қабілеттерін анықтауға және нығайтуға бағытталған. Жауаптылардың айтуынша, ауыл мектептері мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайту және ауылдағы дарынды оқушыларға жан-жақты қолдау көрсету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.