ПРЕЗИДЕНТ ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ ЖАНАТ ЭЛИМАНОВТЫ ҚАБЫЛДАДЫ
Мемлекет басшысына Қаржылық мониторинг агенттігінің биылғы 9 айда атқарған жұмыстарының нәтижесі және алдағы уақытқа арналған жоспары туралы баяндалды.
Мемлекетке жалпы сомасы 217 миллиард теңге болатын активтер қайтарылды, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың деңгейі 18,7 пайызға дейін төмендеді;
Құқық қорғау органдарына 229 талдау материалы жолданған, есірткі сатушылардың қаржылық операцияларын бұғаттау тәжірибесі жолға қойылған. Бұл жұмыс азаматтарды, әсіресе жастарды, есірткіні онлайн сатып алудан сақтайды;
Есірткінің заңсыз айналымынан түсетін кірістерді жылыстату үшін пайдаланылған 924 банктік шот бұғатталған;
Криптоактивтерді пайдалана отырып жасалатын экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы бөлімше құрылған;
Крипто-әмияндарға тыйым салу және цифрлық валютаны алып қою тетігі әзірленген;
Заңсыз 9 крипто алмастырғыштың қызметі жойылған. Ондағы қаржы айналымы 17 миллиард теңгеден асқан;
Елімізде алғаш рет криптовалюта арқылы қылмыстық жолмен тапқан 47 миллион теңге табыс тәркіленіп, Агенттіктің Binance криптобиржасындағы арнайы шотына салынған;
Террористік және экстремистік ұйымдардың шоттарына қаражат аударуға көздеген 976 әрекет анықталып, бұғатталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Агенттік қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Мемлекет басшысы адал бизнесті қорғау, қаржы және экономикалық қылмыстарға қарсы күрес шараларын күшейту қажет екенін ерекше атап өтті.