«МАҒЖАНТАНУ» ҒЫЛЫМИ -ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Қазақ әдебиетінің классигі, Алаш қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаевтың биыл туғанына 130 жыл. Көрнекті ақынның мерейтойы тек туған өлкесінде ғана емес, республика көлемінде кеңінен аталып өтіп жатыр. Осы орайда Тараз қаласында да ақынның аты берілген мектепте «Мағжантану» ғылыми – зерттеу орталығы ашылды, – деп хабарлайды taraz24news.kz
Салтанатты жиынға Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар жерінен қоғам қайраткерінің туыстары қадірлі қонақ ретінде арнайы шақырылған. Ақын атындағы №21 орта мектеп қабырғасында ашылған ғылыми – зерттеу орталығына ақынның шығармалары, фототсуреттері қойылған. Өз ризашылығын білдірген туыстары алдағы уақытта тұлғаның сақталған құнды жазбалары мен басқа да заттарын жеткізуге уәде берді.
Ерлік ЖАНДИЛЬДИН, М.ЖҰМАБАЕВТЫҢ НЕМЕРЕ ІНІСІ
– Дән ризамыз. Керемет! Осы орталыққа Мағжанға қатысты жәдігерлерді, кітаптарды береміз. Архивтегі басқа да жәдегерлерді барынша әкелуге тырысамыз. Түпнұсқаларын дайындауға тырысамыз.
Өткен жылы мектеп басшылығы мен білім саласының мамандары Қызылжарға арнайы ат басын бұрған. Әрі ақынның туыстарымен танысып, бірлесе жоспар құрыпты. Ондағы мақсат -Мағжан мұрасын топтастырып, жастар мен балаларға арналған орталықты ашу болған.
Салтанат БОТАМҚҰЛОВА , М.ЖҰМАБАЕВ АТЫНДАҒЫ №21 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ
-Ақын, жазушы, әрі педагог Мағжан мұрасын осы жастарға мирас ету мақсатында, жастарға үлгі ретінде біз метептен орталықты аштық. Басты идея жастарға ғибрат ету. Әрі алда идеал ұрпақтарды тәрбиелеу.
Сара БЕКЕНОВА М.ЖҰМАБАЕВТЫҢ КЕЛІНІ
-Бір қыз бала Мағжанның 140 өлеңін оқып берген. Сонда оларға риза болғаным соншалық қошемет көрсеттім. Мағжан жалғыз біздің емес, түгел қазақтың атасы. Бізге ғана туыс емес, бәрімізге ортақ.
Жалынды өлеңдерімен жастарға сенім артып, айбатты болуға үндейтін ақынның шығармашылығы қазақ әдебиеті үшін құнды. Өскелең ұрпақ тарихта аты алтын әріптермен жазылған тұлғалардың өмірі мен еңбегін жатқа білу керек дейді мамандар. Алдағы орталықта түрлі шаралар өткізіледі деп жоспарлануда.
Гүлнар Тайжан, taraz24news.kz