AGROBASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА МАЛ БАСЫ 4,1 МИЛЛИОНҒА ЖЕТТІ

Жамбыл облысында мал шаруашылығының көлемі артып, биыл төрт түлік саны 4,1 миллион басқа жетті. Қазір өңірде малды қысқы кезеңнен аман алып шығу үшін жемшөп әзірлеу, қыстауларды дайындау және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр. Бұл мәселелер облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың айтуынша, биылғы тоғыз айда өңірдегі мал басы 3,8 миллионнан 4,1 миллионға дейін өскен. Яғни өткен кезеңмен салыстырғанда 300 мың басқа көбейген.

Алдағы қыста облыста 484,9 мың бас ірі қара, 3,5 миллион қой мен ешкі, 204,2 мың жылқы және 8,6 мың түйе қыстатылады. Төрт түлікті азықпен қамту үшін биыл 3,3 миллион тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Қазіргі уақытта 3,365 миллион тонна жемшөп жиналып, жоспар 101,4 пайызға орындалған.

Атап айтқанда, 2 миллион 284,6 мың тонна пішен, 134,7 мың тонна пішендеме, 491,9 мың тонна сабан, 117,1 мың тонна сүрлем және 337,9 мың тонна құнарлы жем әзірленген. Дегенмен бірқатар ауданда кейбір азық түрлерін дайындау межесі орындалмай отыр. Мойынқұм мен Т.Рысқұлов аудандарында пішендеме, ал Жамбыл, Мойынқұм және Талас аудандарында құнарлы жем дайындау көрсеткіші жоспардан төмен.

Жеке қосалқы шаруашылықтарды да қолдау назардан тыс қалған жоқ. Бұл бағытта 1 485,8 тонна мал азығын дайындау көзделсе, нақты 1 519,7 тонна жиналған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы құрылымдарымен 98 меморандумға қол қойылып, жеке шаруашылықтарды қолжетімді жемшөппен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынған.

Қазіргі таңда облыста бір түк пішен 600-700 теңгеден, жоңышқа 1 000-1 200 теңгеден сатылуда. Ал құнарлы жемнің бір келісі 110-120 теңге аралығында. Өңірде жалпы саны 5 862 мал қыстату орны бар. Оның 1 020-сы шалғайдағы жайылымдық аумақтарда орналасқан.

Аппараттық кеңесте облыс әкімі қысқы науқанға дайындықты созбалаңға салмай, әр қыстаудың жағдайын жеке тексеруді тапсырды. Әсіресе шалғайдағы қыстаулардың жолы, байланысы, су көзі, отын және азық қоры назардан тыс қалмауы тиіс.

– Қысқы науқан кезінде шаруалар ешқандай қиындыққа тап болмауы тиіс. Шалғайдағы 1 020 қыстаудың әрқайсысы бойынша жолдың, байланыстың, су көзінің, отын мен азық қорының жеткіліктілігін қазірден бастап тексеру қажет. Вакцинациялау жұмыстарын қыстату маусымына дейін толық аяқтау керек. Шалғайдағы қыстауларға қызмет көрсететін жылжымалы ветеринариялық топтар жасақталып, биотермиялық шұңқырлар талапқа сай келтірілсін, – деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ өңір басшысы мал ұрлығының алдын алу, профилактикалық рейдтерді күшейту және мал тасымалына бақылау орнату қажеттігін атап өтті. Бұған қоса, жемшөп бағасына тұрақты мониторинг жүргізіп, бағаның негізсіз қымбаттауына жол бермеу үшін резервтік қор қалыптастыру мәселесін пысықтауды жүктеді.

Кеңес қорытындысында жауапты тұлғаларға жемшөп дайындау жоспары орындалмаған бағыттардағы жұмысты күшейту, жеке шаруашылықтардың қажеттілігін қайта есептеу және меморандумдар санын арттыру тапсырылды. Сонымен бірге қыстауларға апаратын жолдарды қардан тазалайтын техниканы анықтап, мердігерлерді алдын ала бекіту міндеттелді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *