ТОҚАЕВ ОДРЭ АЗУЛЕНІ «ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ» ОРДЕНІМЕН МАРАПАТТАДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Одрэ Азулені «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысы Одрэ Азуленің ЮНЕСКО Бас директоры қызметіндегі еңбегіне жоғары баға беріп, оның ұйымды халықаралық диалог пен ынтымақтастық алаңы ретінде дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
Президенттің айтуынша, жаһандық тұрақсыздық пен қақтығыстар күшейген кезеңде мәдениет пен білімнің бейбітшілікті нығайтудағы рөлі ерекше. Осы тұрғыда Одрэ Азуле бұл бағыттағы ұстанымды жүйелі түрде дәлелдеп келген.
— Сіздің басшылығыңызбен ЮНЕСКО-ның беделі артып, ұйымның диалог алаңы ретіндегі рөлі күшейді. Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасына назар аудару арқылы екіжақты серіктестік жаңа деңгейге көтерілді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ЮНЕСКО бағдарламалары арқылы әлем жұртшылығы Қазақстанның Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен бастап Ұлы дала өркениетіне дейінгі бай мұрасымен кеңінен таныс болғанын айтты.
Осы еңбектерді ерекше бағалаған Президент «Қожа Ахмет Ясауи» орденін тапсыруды зор мәртебе деп атап өтті.
Өз кезегінде Одрэ Азуле көрсетілген құрмет үшін алғыс білдіріп, Қазақстанға алғашқы сапарының дәл Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен басталғанын еске алды.
— Бұл киелі орынның тек тарихи ғана емес, рухани мәні де терең екенін сезіндім. Сондықтан мұндай жоғары марапатты алу мен үшін үлкен құрмет, — деді ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры.

