ТОҚАЕВ АЛТЫН ОРДА МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН КӨРМЕНІ ТАМAШАЛАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда дәуіріне арналған тақырыптық көрмені аралап көрді, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Экспозицияда Алтын Орда тарихына қатысты археологиялық қазбалардан табылған жәдігерлер, жазба мұралар мен мәдени құндылықтар қойылған. Президентке 70 археологиялық және сәулет ескерткіші енгізілген интерактивті карта таныстырылды. Оның ішінде 17 тарихи нысан бойынша кеңейтілген мәлімет беріліп, әуеден түсірілген фотосуреттер мен 3D-визуализация ұсынылған.
Көрмедегі ерекше жәдігерлердің бірі – «Хандар шежіресі» атты қолжазба. Онда сол дәуірдегі хандар мен тарихи тұлғалардың генеалогиялық деректері жинақталған. Сонымен қатар көрмеге Каталон атласы, көне жазбалар, теңгелер мен тұрмыстық бұйымдар қойылған.
Жазба мұралар қатарында үш жарлық, төрт дипломатиялық хат және 21 қолжазба түпнұсқа әрі электронды форматта көпшілік назарына ұсынылған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің негізгі мақсаты – Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттап, оны ғылыми тұрғыда зерттеу жұмыстарын жандандыру.

