МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ ДАМЫТУ КЕҢЕСІНІҢ ЕКІНШІ ОТЫРЫСЫН ӨТКІЗДІ
Алматыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Жиында Мемлекет басшысы әлемнің технологиялық дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтып, жасанды интеллекттің жаһандық экономикадағы рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі өзгерістердің қарқыны бұрынғы индустриялық революциялармен салыстыруға келмейді.
Президент Қазақстан үшін жасанды интеллект стратегиялық бағыт екенін айтып, елді цифрлық мемлекетке айналдыру міндеті қойылғанын жеткізді. Бұл бағытта негізгі инфрақұрылым мен институционалдық база қалыптасқанымен, енді оны барлық салаға енгізу қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық экономиканы бағалау жүйесін нақтылаудың маңызын көтеріп, ішкі жалпы өнім өсіміндегі нақты цифрландыру үлесін бөлек қарастыру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, қазіргі көрсеткіштер толық шынайы көрініс бермеуі мүмкін.
Президент әлемдік үрдістерге тоқталып, цифрлық экономика мен деректер нарығының маңызы артып отырғанын, ал елдер арасындағы технологиялық алшақтықтың ұлғайып бара жатқанын ескертті.
Жиында сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, кедендік және салық жүйелеріндегі автоматтандыру, Smart Data Finance және Smart Cargo сияқты платформалардың енгізілуі нәтижесінде процестердің айтарлықтай жеделдегені айтылды.
Қаржы саласында цифрлық теңге мен цифрлық активтерді дамыту мәселесі де көтерілді. Президент бұл бағыт инвестиция тартуға және елдің қаржылық орталық ретіндегі рөлін күшейтуге мүмкіндік беретінін айтты.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы деректер сапасы, киберқауіпсіздік, цифрлық инфрақұрылым және жасанды интеллектке арналған дата-орталықтарды дамыту мәселелеріне ерекше тоқталды.
Оның айтуынша, елдің бәсекеге қабілеттілігі цифрлық экономикаға көшу қарқынына тікелей байланысты. Сондықтан нақты нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыс қажет екенін атап өтті.
Жиын барысында Үкімет пен Ұлттық банк өкілдері, халықаралық сарапшылар және ірі технологиялық компания басшылары сөз сөйледі.

