ҚАЗАҚСТАНДА БИЗНЕСТЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАНДАР САНЫ 4,4 МЛН-ҒА ЖЕТТІ
Елімізде кәсіпкерлік саласында еңбек ететіндер саны 4,4 миллион адамға жетті, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «AMANAT» партиясы жанындағы кеңестің кеңейтілген отырысында мәлімдеді. Қазір Қазақстанда 2,3 миллионнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Ал шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40,5 пайызға жеткен.
Билік бизнесті қолдауды күшейтіп, әкімшілік кедергілерді азайтуға кіріскен. Мемлекеттік жүйелер біріктіріліп, «eGov Business» платформасы арқылы кәсіпкерлерге қызмет көрсету жеңілдетілмек.
ШОБ-ты қаржылай қолдау субсидиялау, жеңілдетілген несие беру және кепілдік тетіктері арқылы жүзеге асып жатыр. Былтыр 365,7 млрд теңгеге 3 373 жобаға қолдау көрсетілсе, биыл бұл қаржы көлемі ұлғайтылады.
Жиында кәсіпкерлер салық, баға шектеуі және бюрократия мәселелерін көтерді. Үкімет бұл түйткілдер кезең-кезеңімен шешілетінін мәлімдеді.

