ҚАЗАҚСТАН МЕН АҚШ ІСКЕРЛІК БАЙЛАНЫСТАРДЫ КЕҢЕЙТУДЕ: ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Қазақстан мен АҚШ арасындағы іскерлік әріптестікті дамытуға арналған «Қазақстан–Америка» дөңгелек үстелі өтті. Іс-шара барысында инвесторларға Алатау қаласының әлеуеті, АХҚО мүмкіндіктері және «Бәйтерек» холдингінің қолдау тетіктері ұсынылды, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Кездесуге Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, ҚР Президентінің АҚШ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыхан, Президент кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев, АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Дебора Робинсон, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев және АҚШ Сауда палатасының өкілдері қатысты.
Жиында Серік Жұманғарин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан реформалардың елдің инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция аясындағы өзгерістер экономикалық өсім мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға негіз болады.
Вице-премьер инвесторларды қорғау тетіктері күшейтіліп жатқанын, сондай-ақ Kazakh Invest өкілдіктерінің халықаралық нарықтарда кеңейтілетінін жеткізді. Сонымен қатар бизнесті қолдау үшін инвесторлар құқығын қорғау комитеті құрылып, жаңа «Altyn Visa» визалық режимі енгізілетіні айтылды.
Жиында АХҚО-ның мүмкіндіктері мен ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген инвестициялық алаң ретіндегі рөлі де атап өтілді. Бұдан бөлек, Алатау қаласының дамуына ерекше назар аударылды. Бұл жоба заманауи бизнес, инновация және инвестиция орталығы ретінде қарастырылып отыр.
Серік Жұманғариннің айтуынша, ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттары – шикізатты терең өңдеу, импортты алмастыру, инфрақұрылым мен энергетиканы дамыту, сондай-ақ экспортқа бағытталған өнеркәсіптік жобаларды қолдау.
АҚШ тарапынан Дебора Робинсон екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың нығайып келе жатқанын атап өтіп, технологиялық ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, қалыптасқан серіктестік жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ұзақ мерзімді сенімді нығайтуға ықпал етуде.
Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық технологиялық бастамаларға қосылып, инвестициялық тартымдылығын арттырып отырғаны айтылды. Соңғы деректерге сәйкес, ел экономикасының көлемі 300 млрд доллардан асып, шетелдік инвестициялар ағыны тұрақты өсім көрсетіп отыр.

