ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА 56 АУЫЛ АЛКОГОЛЬ ӨНІМДЕРІНЕН БАС ТАРТТЫ
Жамбыл облысында қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған «Арақсыз ауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы өз мәресіне жетті, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Төрт күнге созылған шара барысында полиция қызметкерлері мемлекеттік мекеме өкілдерімен бірлесіп, өңірдегі елді мекендерде алдын алу жұмыстарын жүргізді. Негізгі назар профилактикалық есепте тұрған азаматтарды бақылауға, алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың жолын кесуге және масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталды.
Іс-шара кезінде тұрғылықты жері бойынша есепте тұрған 1676 азамат тексерілді. Оның ішінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 268 адам, алкогольді шамадан тыс пайдаланатын 477 тұрғын және 173 қолайсыз отбасы бар. Азаматтармен қайта құқық бұзушылыққа жол бермеу, сондай-ақ әлеуметтік ортаға бейімделу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Рейд нәтижесінде 167 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар алкоголь өнімдерін сату талаптарын бұзудың 13 дерегі тіркелді. Қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішу және масаң күйде жүру бойынша 145 жағдай анықталған.
Бұдан бөлек, ішкі істер органдарының бақылауында тұрған азаматтар арасында 38 заң бұзушылық дерегі тіркелді. Әрбір жағдай бойынша заң аясында тиісті жұмыстар жүргізілді.
Алдын алу шаралары кезінде полиция қызметкерлері тұрғындармен 147 кездесу өткізіп, қоғамдық қауіпсіздік пен заң талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бүгінде Жамбыл облысында 56 ауыл алкоголь өнімдерін сатудан және тұтынудан өз еркімен бас тартқан. Мұндай елді мекендердің көбі Т.Рысқұлов және Қордай аудандарында орналасқан.

