АЛМАТЫДА ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ: БАСЫМДЫҚ – БІЛІМ, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАР
Алматы қаласында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың робототехника орталығында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің қатысуымен жастар және IT саласы өкілдерімен кездесу өтті. Жиынға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастаған делегация қатысып, конституциялық реформаның негізгі бағыттары талқыланды. – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Кездесуге Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев, Конституциялық комиссия мүшелері, қоғамдық ұйымдар мен білім беру мекемелерінің басшылары, сарапшылар және ғалымдар қатысты. Сонымен қатар студенттер, жас зерттеушілер және қалалық IT-жобалардың қатысушылары жиналды.
Аида Балаева өз сөзінде жаңа Конституция жобасы ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтынын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда негізгі стратегиялық ресурс табиғи байлық емес, азаматтардың білімі мен кәсіби әлеуеті болып отыр. Құжатта білім, ғылым, мәдениет және инновация бағыттарына басымдық беріліп, ұлттық мәдениетті қолдау мен тарихи мұраны сақтау конституциялық деңгейде бекітілген.
Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев жастарды елдің басты зияткерлік капиталы ретінде атап өтті. Оның айтуынша, жаңа жобада білім мен ғылымды дамытуға, инвестиция мен инновация тартуға ерекше мән берілген. Сондай-ақ цифрлық реттеу бағытында бірқатар заңнамалық бастамалар қабылданғаны айтылды.
Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тілеп білім мен ғылымды Конституцияның стратегиялық басымдықтары қатарына енгізу академиялық орта үшін ұзақ мерзімді даму бағытын қалыптастыратынын жеткізді.
Цифрлық трансформация мәселесіне Қазақстандық қоғамдық даму институтының төрайымы Жұлдызай Ысқақова тоқталды. Оның мәліметінше, бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн форматта ұсынылады, ал халықтың шамамен 80 пайызы цифрландыруды қолдайды. Сонымен қатар интернет-алаяқтық қатерінің артуы жеке деректерді қорғау және цифрлық қауіпсіздік нормаларын күшейтудің өзектілігін арттырып отыр.
Алматының IT-экожүйесіне қатысты Qazaq IT Community негізін қалаушы, Women in Tech Kazakhstan ұйымының жетекшісі Әсел Болатжан пікір білдірді. Ол қалада елдегі IT-компаниялардың үштен бірі шоғырланғанын, олардың Қазақстандағы IT-қызметтердің жартысынан астамын өндіретінін айтты. Сондай-ақ білім беру, стартаптар және зерттеулерді біріктіретін кешенді алаңдар құру қажеттігін атап өтті.
ҚазҰУ доценті Алдияр Агишев технологиялық өзгерістер құқықтық реттеуді жаңартуды талап ететінін жеткізді. Оның пікірінше, Конституцияда цифрлық қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғау нормаларын бекіту – өзекті шешім. Сонымен қатар жасанды интеллектті дамыту үшін есептеу қуаттарына сұраныстың артқаны, университеттің суперкомпьютерлік кластерінде GPU ресурстарының тапшылығы байқалатыны айтылды.
Жиында цифрлық ортадағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру мәселелері де көтерілді. Алматы қаласының студенттік омбудсмені Айболат Сембиев ғылым мен цифрландыруға басымдық беру сапалы білім алуға қосымша мүмкіндік ашатынын атап өтті.
Кездесу қорытындысында қатысушылар талқылау жаңа Конституция жобасын түсіндірумен қатар, елдің болашағы, адами капиталды дамыту және цифрлық технологиялар дәуіріндегі құқықтық қағидаттар жөніндегі мазмұнды пікір алмасуға ұласқанын жеткізді.

