BASTY BETJAŃALYQTAR

АЛМАТЫДА «ХАЛЫҚТЫҚ КОНСТИТУЦИЯ» КОАЛИЦИЯСЫ ҒАЛЫМДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Алматы қаласында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің ғылыми қауымдастық өкілдерімен кездесуі өтті – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Айда Балаева жетекшілік етті. Сондай-ақ басқосуға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тлеп Болат, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі Вячеслав Локшин қатысты.

Кездесу барысында Айда Балаева елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалардың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған өзгерістер мемлекеттік басқарудың әділетті, орнықты әрі тиімді үлгісін қалыптастыруға бағытталған. Реформалар топтамасының негізгі тетіктерінің бірі – бір палаталы Парламентке көшу.

Коалиция мүшесі ретінде ол мәдени әралуандылықты сақтау, ғылыми ізденістерді қолдау және білімге негізделген дамуды қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығы екенін атап өтті. Айда Балаеваның пікірінше, ұсынылып отырған нормалар ұлттық мәдениетті жаңғыртуға, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға, ғылым мен инновацияны дамытуға құқықтық негіз болады.

Жиында сөз алған Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы вице-президенті Асқар Жұмаділдаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылым департаментінің директоры Қуаныш Тастамбек және өзге де қатысушылар Конституция жобасының негізгі ережелеріне қатысты ой-пікірлерін білдірді. Олар ғылыми қауымдастықты болашақ Қазақстанның құқықтық іргетасын қалыптастыруға белсенді атсалысуға шақырды.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тлеп Болат жаңа Конституция жобасы ұзақ әрі жан-жақты талдаудың нәтижесінде әзірленгенін айтты. Оның мәліметінше, құжатты дайындауға тәжірибелі 130 маман қатысқан. Комиссия қарауына 10 мыңнан астам ұсыныс түскен.

Жаңа Конституция жобасы Мемлекет басшысына ұсынылған. Құжат 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдум арқылы қабылданады деп жоспарланып отыр.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *