ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫРҒЫЗСТАН ҮКІМЕТТЕРІ САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Касымалиев Астанада Үкіметаралық кеңестің 13-ші отырысын өткізді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Отырыста тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін талқылап, сауда, өнеркәсіп кооперациясы, инвестиция, энергетика, су ресурстары, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және туризм салаларындағы ынтымақтастыққа назар аударды. Биылғы жылдың 8 айында екі ел арасындағы тауар айналымы 21%-ға өсіп, 1,4 млрд долларды құрағаны атап өтілді.
Кеңес барысында Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов соңғы жылдары екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейде дамып келе жатқанын айтып, мемлекет басшыларының тапсырмаларын орындау маңыздылығын жеткізді. Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Касымалиев те мемлекеттер басшыларының бірлескен жұмысы екіжақты байланыстарды жаңа деңгейге көтергенін атап өтті.
Кеңес қатысушылары энергетика, сумен жабдықтау, инвестициялық ынтымақтастық бойынша жүзеге асырылып жатқан шараларды қарады. Ауыл шаруашылығы саласында өсім байқалып, биылғы 8 айда агроөнімдер саудасы 42%-ға өсіп, 326 млн долларға жеткен. Оның 80%-дан астамы – Қазақстан экспорты.
Сонымен қатар тау туризмін дамыту, оның ішінде Хан Тәңірі шыңында бірлескен туристік бағыттарды жандандыру мәселелері талқыланды. Мәдени-гуманитарлық байланыстар да оң қарқынмен дамуда. Биыл Бішкекте Қазақстандық кино күндері, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концерт және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды. Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған «Қазақ-қырғыз достығының алтын көпірі» ескерткіші мәдениетаралық байланыстардың маңызды символы ретінде аталды.
Тараптар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы барлық негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін растады. Жиын соңында Үкіметаралық кеңестің 13-ші отырысының хаттамасына қол қойылды.

