ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ЕГІН ЖИНАУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ 94,7 ПАЙЫЗЫ АЯҚТАЛДЫ
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен апталық жоспарлау кеңесінде ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, табиғи ресурстар және ветеринария салаларындағы атқарылған жұмыстар мен жылдық жоспардың орындалу барысы қаралды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің мәліметінше, 2025 жылдың тоғыз айында өңірде 362,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, негізгі капиталға 33,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жыл басынан бері 335 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, 640 мың гектар егістік алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілген.
Егістік құрылымын әртараптандыру нәтижесінде мал азығы дақылдары 3,6 мың гектарға, майлы дақылдар – 5 мың, көкөніс – 4,7 мың, бақша – 7,3 мың, картоп – 1,5 мың гектарға артқан. Шілде айында басталған егін жинау жұмыстарының 94,7 пайызы орындалып, жалпы 3,2 миллион тонна өнім жиналды (жылдық жоспар – 3,4 миллион тонна).
Күзгі дала жұмыстарына 9,3 мың техника тартылып, мемлекет тарапынан 4,3 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінген. Сонымен қатар, көктемгі және күзгі жұмыстарды қаржыландыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары бойынша облысқа 7 миллиард теңге қарастырылып, бүгінге дейін 209 шаруаға 4,9 миллиард теңге 5 пайыздық несиемен берілген.
Биыл 5,3 мың гектар алқаптан 292,6 мың тонна қант қызылшасын алу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда шаруалар «Меркі қант» зауытына 90,5 мың тоннадан астам тәтті түбір өткізген.
Ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаевтың айтуынша, өңірде ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық шаралар жоспарға сай жүргізілуде. Жоспарланған 16,5 миллион вакцинацияның 11,3 миллионы, 5,6 миллион диагностикалық шараның 4,3 миллионы орындалған. Сонымен қатар 1,36 миллионнан астам төл бірдейлендіріліп, дерекқорға енгізілді.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан 46 елді мекенде залалсыздандыру жұмыстары толық жүргізілген. Жалпы 24 398 қора-жай, 168 мың шаршы метр буферлік аймақ және 580 мың бас мал өңделген.
2025 жылы облыста 46 үлгілік ветеринариялық пункттің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 21 нысан пайдалануға берілсе, 11-інің құрылысы жалғасуда. Қалған 14 пунктке жер телімдері дайын.
Кеңес қорытындысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жауапты тұлғаларға ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштерді толық орындауды, инвестиция тартуға баса назар аударуды, сондай-ақ «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы, «Тараз» индустриалдық аймағы және «Талас» субаймағының инфрақұрылымдық жобаларын жүзеге асыруды бақылауда ұстауды тапсырды.
Сонымен қатар өңір басшысы ветеринария, жер қатынастары және су шаруашылығы салаларында жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

