ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ IT-МАМАНДАРМЕН ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДАҒЫ ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІПТЕГІ СТАРТАПТАРДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ
Премьер-министр Олжас Бектенов қазақстандық IT-компаниялар өкілдерімен кездесу өткізіп, Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттер аясында білім беру, спорт және өнеркәсіп салаларындағы жасанды интеллектке негізделген стартаптарды қолдау мәселелерін талқылады, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында отандық Paradigm Shift (CodiPlay) компаниясының өкілдері жаңа жобалардың іске асырылу барысы туралы баяндады. Атап айтқанда, AI Kitap – мектеп пәндері бойынша оқу материалдарын оқушының деңгейіне бейімдеп, білімдегі олқылықтарды анықтайтын цифрлық оқулық. Қазір оның жұмыс нұсқасы дайындалып, AITU жүйесімен интеграциялануда.
Сондай-ақ OlympIQ – спортты дамытуға арналған технологиялық платформа. Жүйе спорт саласындағы аналитикалық, медициналық және ұйымдастырушылық деректерді жасанды интеллект арқылы өңдеуге мүмкіндік береді. Оның жол картасы әзірленіп, алғашқы прототиптер дайындалған.
Премьер-министрге AI Kitap және OlympIQ жобаларын пилоттық режимде іске қосу жоспарланған мектептер мен спорт федерацияларының тізімі таныстырылды.
«Жасанды интеллект технологияларын дамыту – Үкіметтің басты міндеті. Біз отандық компаниялардың өнімдерін жан-жақты қолдауға дайынбыз», — деді Олжас Бектенов.
Кездесуде сонымен қатар өндірістік үдерістерді оңтайландыру, энергетика мен көлік салаларының тиімділігін арттыру, операциялық шығындарды азайту және тәуекелдерді басқаруға арналған жаңа технологияларды енгізу мәселелері қаралды. Компания өнімдеріне деректерді талдау, болжау және автоматтандырудың интеллектуалды жүйелері кіреді.
Кездесу қорытындысында уәкілетті органдарға IT-мамандар ұсынған бастамаларды пысықтау тапсырылды.