МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ WADA ПРЕЗИДЕНТІ ВИТОЛЬД БАНЬКАНЫ ҚАБЫЛДАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) президенті Витольд Баньканы қабылдады. Президент WADA ұйымының спорттағы допинг мәселесіне қарсы күрестегі жаһандық маңызын атап өтті. Сондай-ақ Витольд Баньканың Астанаға сапары Қазақстан мен агенттік арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам екенін айтты, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев WADA-ның жүйелі түрде тәртіп бұзушылықпен күресіп, таза спорт қағидаттарын ұстанудағы берік ұстанымына жоғары баға берді. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстың маңызы спортшылар үшін ғана емес, сондай-ақ әлемнің миллиондаған жанкүйері үшін де зор.
Қазіргі уақытта Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі жанынан Орталық Азиядағы жалғыз допингке қарсы сынамалар зертханасы жұмыс істейді. Зертхана базасында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Пәкістан, Моңғолия және Ауғанстанды қамтитын Өңірлік допингке қарсы ұйым қызмет атқарады.
Өз кезегінде Витольд Банька Қазақстанның WADA бастамаларын қолдап, ұйыммен тиімді ынтымақтастық орнатқаны үшін алғыс білдірді. Ол еліміздің спорт саласындағы құрылымдарының агенттікпен өзара ықпалдастығы жоғары екенін атап өтті.
Кездесу барысында тараптар ұзақ мерзімді әріптестікті жалғастыруға және Қазақстанның Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің сенімді серіктесі ретіндегі мәртебесін одан әрі арттыруға ниетті екенін растады.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Витольд Баньканы Қазақстан спортын дамытуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.