BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН АҚШ САУДА ПАЛАТАСЫМЕН ЖӘНЕ ІРІ КОМПАНИЯЛАР ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин АҚШ сауда палатасының Таяу Шығыс, Түркия және Орталық Азия бойынша аға вице-президенті Хуш Чоксинмен, сондай-ақ Chevron, Meta, Apple, Coca Cola, Mastercard және Amway компанияларының өкілдерімен кездесті, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының сауда-экономикалық байланыстарын дамыту мәселелерін талқылады. Вице-премьер АҚШ-тың елдің негізгі әріптестерінің бірі екенін атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың сыртқы экономикалық саясаттағы маңыздылығына тоқталды.

Өткен жылы екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 4,2 млрд АҚШ долларына жеткен. Қазақстанда америкалық капиталы бар 700-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. 2005 жылдан бері АҚШ-тан тартылған тікелей инвестиция көлемі 51 млрд доллардан асқан. Ірі инвесторлардың қатарында Chevron, ExxonMobil, Pfizer, General Electric және Wabtec бар.

Келіссөздер барысында америкалық тарап жаңа салық кодексі, заңнаманы жетілдіру, туризмді дамыту және саудадағы кедергілерді азайту сияқты тақырыптарды көтерді. Барлық сұрақтарға нақты түсініктемелер берілді.

Жиынды қорытындылай келе, Серік Жұманғарин жобаларды жүзеге асыру барысында инвесторлармен тікелей диалогтың маңыздылығын атап өтті. Ол америкалық әріптестерді Қазақстандағы мүмкіндіктерді бизнесті дамытуда кеңінен пайдалануға шақырып, бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *