ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ ШУ АУДАНЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТҚАН ІРІ ЖОБАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Шу ауданына барып, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы және өндіріс бағытында жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобалардың барысымен танысты,-деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі, облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Балуаншолақ ауылдық округінде өңір басшысы «KazAquaAlliance» ЖШС іске асырып жатқан тауарлы балық шаруашылығы жобасына барды. Құны 500 миллион теңгені құрайтын жоба жылына 500 тонна балық өндіруге есептелген. Бұл бастама аясында 17 жаңа жұмыс орны ашу жоспарланып отыр. Облыс әкімі мұндай жобалардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауыл экономикасын жандандыруға және жергілікті халықты жұмыспен қамтуға үлес қосатынын атап өтті.
Сапар барысында Шу қаласындағы Жеңіс саябағында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары тексерілді. Маусым айында басталған жаңғырту жобасы аясында сахна, ойын және спорт алаңдары салынып, жарықтандыру мен көгалдандыру жұмыстары қолға алынған. Ербол Қарашөкеев нысандағы жұмыстардың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Облыс әкімі сондай-ақ Шу теміржол вокзалының күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі таңда ғимарат қайта жаңғыртылып, іргелес аумақты абаттандыру бойынша жеке жоба жүзеге асырылуда. Аймақ басшысы құрылыс мерзімінің сақталуын және орындалатын жұмыстардың сапасын басты назарда ұстау қажеттігін атап өтті.
Әлеуметтік желіде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселе негізінде Ербол Қарашөкеев қант зауыты маңындағы шағын аллеяға барды. Саябақтың қазіргі жағдайына көңілі толмаған облыс әкімі аудан басшылығына қысқа мерзім ішінде абаттандыру жобасын әзірлеп, жөндеу жұмыстарын бастауды тапсырды.
Сапар аясында облыс әкімі «Qyzylsha Zher» ЖШС-нің жұмысымен де танысты. Серіктестік 3 277 гектар алқапта қант қызылшасы, арпа, пияз және соя өсірумен айналысады. Мұнда 50 адам жұмыс істейді, 150-ден астам ауыл шаруашылығы техникасы бар. Су үнемдеу технологиялары кеңінен қолданылуда. Ербол Қарашөкеев ауданда жүгеріге басымдық беру қажет екенін атап өтіп, осы бағытта салынып жатқан жаңа зауыттың маңыздылығына тоқталды.
Жұмыс сапарының соңында аймақ басшысы «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында орналасқан жүгеріні терең өңдейтін зауыттың құрылыс алаңын аралады. 2025 жылдың сәуірінде құрылысы басталған жоба биоферментация саласының әлемдік көшбасшысы Fufeng Group компаниясы тарапынан жүзеге асырылуда. Жоспар бойынша зауыт жылына 500 мыңнан 1 миллион тоннаға дейін жүгері өңдейді, болашақта бұл көлем 3 миллион тоннаға дейін ұлғайтылмақ. Бұл – өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту және экспорттық әлеуетін арттыру жолындағы маңызды қадам.
Қазіргі таңда «Жібек жолы» АЭА аумағында жалпы құны 791 миллиард теңгені құрайтын 21 жоба тіркелген. 2026–2030 жылдары толық іске қосылғаннан кейін бұл жобалар 5 000-нан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. АЭА аумағын 2 800 гектарға ұлғайту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.