МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯЛАУ: ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ӨНІМНІҢ ҮЗДІКСІЗ ҚАДАҒАЛАНУЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІ ТАПСЫРДЫ
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мал шаруашылығындағы ветеринариялық бақылау және осы саланы цифрлық трансформациялау мәселелері жан-жақты қаралды, -деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров саладағы қазіргі ахуал мен атқарылып жатқан шаралар туралы баяндаса, цифрландыру бағыты бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев таныстырды.
Отырыста Премьер-министр өңірлік деңгейде сапалы ветеринариялық инфрақұрылымның қажеттілігін атап өтті. Сонымен қатар, мал ауруларының алдын алу мақсатында уақтылы вакцинация жүргізу үшін барлық жағдай жасалуы тиіс екені айтылды. Олжас Бектенов процестердің ашықтығын қамтамасыз ету және өнім сапасын бақылау мен есепке алуды күшейту үшін цифрландырудың маңызына ерекше тоқталды.
«Ветеринариялық қауіпсіздік – өнімді халықаралық нарықтарға шығару үшін басты шарт. Сонымен бірге сырттан әкелінетін мал өнімдеріне бақылауды күшейту қажет. Цифрлық шешімдер мал өнімдерінің өмірлік циклінің барлық кезеңінде ашықтықты қамтамасыз етуі тиіс. Қазір жүргізіліп жатқан Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының нәтижелері бірыңғай цифрлық платформаларға енгізілуі қажет», –деді Үкімет басшысы.
Отырыстың қорытындысында Премьер-министр барлық ауыл шаруашылығы жануарларын, соның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтардағы малды да вакцинациямен толық қамтуды міндеттеді. Олжас Бектенов барлық өңірлерде ветеринариялық құралдардың сапалы әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті. Бұл ретте отандық өндірушілерді қолдау -басты басымдық.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 2025 жылдың 1 қарашасына дейін ауыл шаруашылығы жануарларының деректер базасын толық верификациялауды аяқтау тапсырылды.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктеріне жыл соңына дейін жануарлар мен мал өнімдерінің қозғалысын толық цифрландыру, үздіксіз бақылау жүйесін енгізу және барша деректер базасын бірыңғай цифрлық платформаға интеграциялау жүктелді.