ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА БОЛАТ ШЫҒАРАТЫН ЖАҢА ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР ?
Жамбыл облысындағы Jibek Joly арнайы экономикалық аймағында толық өндірістік циклге негізделген металлургия зауытының құрылысы басталды. Жобаға инвестор ретінде Fujian Hengwang Investment Co., Ltd. қытай компаниясы қатысуда – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, ҚР Премьер-министрінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта инвестициялық келісім жасалып, бөлінген жер телімдерінде құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындық белсенді түрде жүргізілуде. Индустриялық аймаққа теміржол, электр қуаты және табиғи газ сияқты негізгі инфрақұрылым жеткізілген.
Құрылыс кезеңінде 1 500 уақытша жұмыс орны ашылады. Ал зауыт іске қосылған соң, 2 500-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Компания жұмыс күшінің кемінде 90%-ын жергілікті тұрғындар есебінен қамтуды көздеп отыр.
ЖОБАНЫҢ КЕЗЕҢДЕРІ МЕН ҚУАТТЫЛЫҒЫ
Инвестициялық жоба екі кезең бойынша 2025–2029 жылдар аралығында жүзеге асады. Зауытты алғашқы іске қосу 2027 жылға жоспарланса, одан кейінгі екі жыл ішінде өндіріс қуатын кеңейту көзделген. Жалпы инвестиция көлемі – 756 миллион АҚШ доллары.
Кәсіпорын жылына 3 миллион тоннаға дейін болат өнімін шығаруға қабілетті болады. Бұл – еліміздегі сутек технологиясына негізделген алғашқы металлургиялық кешен болмақ. Жоба Қазақстанның өнеркәсіптік саласын экологиялық әрі технологиялық тұрғыдан жаңғыртуды мақсат етеді.
ЭКСПОРТ ЖӘНЕ ІШКІ НАРЫҚ
Fujian Hengwang компаниясының мәліметінше, зауыт толық қуатына шыққанда, оның өнімі Қазақстандағы болат тапшылығын жабуға мүмкіндік беріп қана қоймай, Орталық Азия, Украина және Еуропа елдеріне экспортқа шығарылады.
Ли Чжундун, компания басқарма төрағасының орынбасары:
«Құрылыс аяқталғаннан кейін біздің өнім ішкі сұранысты толық қамтамасыз етеді. Сонымен бірге көршілес елдерге экспортталып, Қазақстанның экспорттық әлеуетінің артуына жол ашады. Жоба өндірістен бөлек, логистика, тау-кен өнеркәсібі, қоғамдық тамақтану мен туризм сияқты байланысты салаларға да оң әсер етеді», – деді ол.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАР
Инвестор өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да үлес қоспақ. Шу қаласында тұрғын үй кешендері, балабақшалар, қалалық саябақтар салынып, жасыл аймақтар қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі.
ИНВЕСТОР ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ
Fujian Hengwang Investment Co., Ltd. – Қытайда үш ірі металлургиялық зауытты басқаратын, жылдық өндірістік қуаты 23 млн тонна болатқа дейін жететін алдыңғы қатарлы өнеркәсіптік холдинг. Компанияның жалпы инвестициялық портфелі 6 млрд АҚШ долларынан асады.
Қазақстанда аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін тіркелген еншілес құрылым – «Yonggang Central Asia Iron and Steel» ЖШС, ол арнайы экономикалық аймақ қатысушысы мәртебесіне ие.
Айта кетейік, ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов биылғы сәуір айында Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Jibek Joly АЭА аумағында қолға алынған жобалармен танысқан болатын.