ЖАҢА ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Жамбыл облысы, Байзақ ауданына қарасты Үлгілі ауылында шыны шыңдайтын жаңа зауыт өз жұмысын бастады, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Екі ауысымда жұмыс істейтін кәсіпорын 40 отбасын тұрақты жұмыспен қамтымақ. Жаңа өндіріс ошағы аймақты сапалы шыны өнімдерімен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, көршілес облыстардың нарығына шығуды көздеп отыр. Ашылу салтанатына аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев арнайы барып, зауыт ұжымына сәттілік тіледі.
Бүгінгі ашылып отырған кәсіпорын – осы бастамалардың нақты жемісі. Шыны шыңдайтын зауыт заманауи технологиямен жабдықталып, 40 азаматты тұрақты жұмыспен қамтиды. Жылына 100 мың шаршы метр шыңдалған шыны өндіретін бұл кәсіпорын өз өнімін көршілес Алматы және Түркістан облыстарының нарығына бағыттайтын болады, – деді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.
«JS GALASS» ЖШС-нің шыны шыңдайтын зауыты 1 миллиард теңгеге бой көтерген. Айта кетерлігі, өндіріс орнын Үлгілі ауылының тұрғыны жеке қаржысы есебінен ашқан. Жаңа зауыт заманауи технологиялармен жабдықталып, қырық азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.
Шынының ассортименті кең. Бұл жерде 4-тен 12 миллиметрге дейінгі қалыңдықтағы шыныны шыңдау жүргізіледі. Мысалы, душ кабиналарына арналған шыны, одан кейін отқа төзімді шыны, витраждар бар. Қазіргі таңда «закалка» процесі белсенді жүргізілуде. Осыған сай біз де бірігіп, осындай зауыт ашып отырмыз, – деді «JS GALASS» ЖШС-нің басшысы Жамалхан Ибрагимов.
Айта кетейік, облыста 2025–2028 жылдары жалпы құны 3,7 триллион теңгені құрайтын 62 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беріледі. Жауаптылардың сөзінше, биылдың өзінде құны 175,2 миллиард теңге болатын 30 жоба іске асырылып, мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ.