ЖАМБЫЛДА 6 ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Биылғы 1 қыркүйек бұрынғыдан өзгерек. Себебі жаңа оқу жылында су жаңа 6 мектеп пайдалануға беріліп отыр. Білім ұяларында алғашқы қоңырау сыңғырлап, 20 мыңнан астам бүлдіршіндер білім ошағының табалдырығын алғаш рет аттады, – деп хабарлайды «Taraz24newskz» ақпарат агенттігі.
Жаңа оқу жылында Байзақ ауданында жайлы мектеп есігін айқара ашты. Мұнда 1-11 сыныпқа қабылданған 522 оқушы білім алады. Мектептің сыйымдылығы 600 оқушыға шақталған. 55 педагог ықшам аудандағы жақын мектептен ауысу тәртібімен қабылданған. Су жаңа мектептің алғашқы қоңырауына облыс әкімі арнайы келді.
- Бұл күн бәріміз үшін маңызды. Ол үлкенге де, кішіге де бірдей қымбат. Өйткені адам өмірінде қандай жетістікке жетсе, ол алған білімінен екені белгілі. Президентіміз атап өткендей, цифрлық дәуірдегі жаңа білім мен дағдарлар жаңа буынның табысының кілті болып табылады. Тардай кіріп, таудай болып шығуларыңызға тілектеспін,- дейді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев
Ал, Арай алқабындағы 600 орындық мектепке қазірде 485 оқушы қабылданған. Бірінші сыныпқа өтінім бергендер саны 85 ті құрап отыр. Одан бөлек №3, 46, 47, 49 мектеп оқушылары жаңа мектепке ауысып, оқуын осында жалғастырады.
- Бүгін Тараз қаласында екі бірдей мектептің ашылуы білім күні мерекесіне тұспа-тұс келіп отыр. Қуаныштарыңыз құтты болсын. Сондай-ақ бүгін облысымызда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектептердің ең алғашқысы аяқталып, ел игілігіне берілуде. Сіздерді бүгінгі жарқын мерекемен құттықтай отырып, балаларымыздың оқуда озат, үздік атануына ниеттестігімді білдіргім келеді, – дейді Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасарыНұржан Календеров
Жаңа білім ұялары қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оқу бөлмелері кең әрі жарық, зертханалар мен компьютерлік сыныптар заманауи технологиялармен жабдықталған. Бұдан бөлек, мектепте оқушылардың денсаулығы мен спорттық қабілеттерін дамытуға арналған спорт залы, кітапхана, асхана және медициналық кабинет бар.
Білім күні облыс мектептерінде «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбындағы салтанатты шара ұйымдастырылып, оған бірінші және 11-сынып оқушылары қатысты.
Айта кетейік, 507 орта білім беру ұйымы 248 мыңнан аса оқушыға есігін айқара ашты. Оның 21 мыңға жуығы 1-сыныпқа қабылданды.