ШУ АУДАНЫНДА ЖАҢА ТЕМІРЖОЛ ДЕПОСЫ АШЫЛДЫ
Жамбыл облысында ірі инвестициялық жобалардың бірі – теміржол депосы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Taraz24news.kz ақпараттық агенттігі.
Шу қаласында өткен салтанатты ашылу рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова қатысты.
Аталған жоба – өңір экономикасына серпін беруге бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып, инфрақұрылымды жаңғырту мен жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейді.
Бұл тек Франция мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық нәтижесі ғана емес, мен үшін жеке тарихи мәнге ие оқиға. Мен – осы қасиетті Шу өңірінде, Қазақ хандығының іргесі қаланған жерде дүниеге келген азаматпын. Сондықтан Alstom компаниясының дәл осы аймақта теміржол депосын ашуы — мен үшін ерекше қуаныш, — деді Франциядағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова.
Жоба аясында 4 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, заманауи халықаралық стандарттарға сай құрал-жабдықтармен жабдықталған депо іске қосылды. Мұнда ай сайын шамамен 120, жылына 1500-ге дейін электровозға техникалық қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар, 100 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Бұл – 1988 жылдан бері алғаш рет салынып жатқан жаңа депо. Жобаны биыл аяқтадық, ал 2025 жылдан бастап толық қуатында жұмыс істейді. Бұл – еліміздегі төрт стратегиялық депоның алғашқысы. Шу қаласынан бөлек, Астана, Алматы және Арыс қалаларында да осындай өндіріс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз, — деді Alstom компаниясының Батыс және Орталық Азия бойынша сервис директоры Олжас Ахметов.
Шу қаласында ашылған бұл жаңа өндірістік нысан — Франция мен Қазақстан арасындағы берік серіктестіктің жемісі. Сондай-ақ Alstom компаниясы мен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ арасындағы әріптестік аясында алдағы уақытта бірқатар жаңа жобалар іске асырылмақ. Бұл бастама өңірдегі тұрақты экономикалық өсімге және жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.