BASTY BETBILİKJAŃALYQTARQOǴAM

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ ОҢТҮСТІК ӨҢІРЛЕРДІ ДАМЫТУ БОЙЫНША КЕҢЕС ӨТКІЗДІ

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді. Қанат Алдабергенұлы Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы, «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы бойынша кеңес өткізді. Басқосуға өңір әкімдері, министрліктер мен Amanat партиясының өкілдері қатысты, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиында ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пен қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы баяндама жасады. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров және Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев көтерілген мәселелер бойынша сөз сөйлеп, ой-пікірлерімен бөлісті.

Өңірлік саясаттағы негізгі тәсілдердің бірі – инфрақұрылымды дамытудағы теңсіздікті азайту болып табылады. Бұл тәсілді жүзеге асыру үшін бірқатар стандарттар жүйесі әзірленді. Жаңа Бюджет кодексінің шеңберінде жалпы сипаттағы трансферттерді мемлекеттік органдардың және өңірлердің инвестициялық жоспарларын қалыптастыру кезеңінде өңірлік стандарттар жүйесінің бюджеттік жоспарға байланыстыруы көзделген, – деді ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.

Өз кезегінде Қанат Бозымбаев оңтүстік өңірлердегі экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күші – ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес саласы екенін алға тартып, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып, инфрақұрылымды жаңғырту шараларын қабылдауды ескертті. Қанат Алдабергенұлы инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлау Өңірлік стандарттар жүйесінің көрсеткіштерін қатаң ескере отырып жүзеге асырылуы қажет екенін еске салды.

– Үлкен мәселе – жаңа Бюджет кодексі. Жаңа стандарттар енді. Сондықтан бірқатар мәселелер туындап жатыр. Не үшін жиналып отырмыз қазір? Уақыт аз – 2-3 айымыз бар. Экономикалық шеңберіміз осы екі министрлікпен жұмыс істеуі керек, – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Отырыс қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев көтерілген мәселелердің шешу жолдары Үкімет деңгейінде қарастырылатынын атап өтті. Өңір әкімдіктері мен салалық министрліктерге бірқатар тапсырма берді. Үкімет басшысының орынбасары сапар аясында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде болып, жай-күйін тексерді. Сондай-ақ Тараз қаласындағы 16-шағынаудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы және «Түйте» каналының жағалауын абаттандыру жұмыстарымен танысты.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *