АСА АУЫЛЫНДА 40 ПӘТЕРДІҢ КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ
Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылында әлеуметтік осал топтарға арналған жаңа тұрғын үйдің кілттері табысталды. Қоныс тойына аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы, қуанышқа кенелген отбасылар мен ауыл ақсақалдары қатысты, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Аса ауылында көптен күткен қуанышты сәт орын алды. 40 пәтерлі тұрғын үйдің кілттері кезекте тұрған азаматтарға берілді. Салтанатты шараға аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы қатысып, жаңа баспана иелерін құттықтады.
Мемлекеттің қолдауымен өткен жылы осы 40 үйдің құрылысы басталды. Тиісті қаражаттың бөлінуіне байланысты жеке кәсіпкерлер бұл үйлерді салды. Сол үйлерді біз бюджетке сатып алдық. Енді оның 20 пәтері «Самұрық Қазына» арқылы несиеге берілді. Бұл қарызды жыл сайын төлейтін боламыз. Жалпы, жылдан жылға бағдарламалар өзгеріп жатыр. Биылғы жылдан бастап кезекте тұрған азаматтар барлығы, отбасы банкі арқылы кезекке тұратын болады, – деді Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.
Әр үйдің жер учаскесі 7 соттықты құрайды. Тұрғын үйлерге инфрақұрылым толықтай тартылып, газ, су, жарықпен қамтамасыз етілген. Көшелер де жарықтандырылған. Мамандар көшені асфалттау жұмыстары қалғанын жеткізді. Ал баспанаға қол жеткізген азаматтардың қуанышында шек жоқ.
«Барлықтарыңызға рақмет үйлі қылып жатқандарыңызға. Қуанышымызға ортақ болып жатқандарыңызға. Үйлеріміз құтты болсын! Іші толған бала болсын. Деніміз сау болсын. Қуаныштан қуанышқа ұлғая берсін. Барлықтарыңызға жұғысты болсын!» – деді Жамбыл ауданының тұрғыны Райкүл Раева.
Жамбыл ауданында қазіргі таңда 1750 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Солардың бірқатарына осы жолы жаңа қоныс бұйырды. Ел игілігіне берілген бұл баспана – 40 пәтерлі 20 үйден тұрады. Тұрғын үй комиссиясының шешімімен пәтер кілттері көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға берілді.