AGROBASTY BETJAŃALYQTAR

Жыл қорытындысы: Елімізде дәнді дақылдар жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізіліп, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде, саланы жеңілдікті қаржыландыру көлемі 580 млрд теңгеге дейін артты

Primeminister.kz сайтының редакциясы Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсартуға, еліміздің ұзақмерзімді әлеуметтік-экономикалық мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған негізгі басымдықтар мен шаралар бойынша жыл қорытындысына арналған шолулар топтамасын ұсынуды жалғастырады.

Ауыл шаруашылығы – экономиканың маңызды салаларының бірі. Бүгінде халықтың 37%-дан астамы ауылдық жерлерде тұрады, ал ауыл шаруашылығы өндірісінің даму деңгейі қазақстандықтардың көпшілігінің әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Еліміз кең байтақ аумағы мен қомақты ресурстарының болуы арқасында үлкен әлеуетке ие. Мемлекет жеңілдетілген қаржыландыру мен субсидиялар беру арқылы аталған секторды белсенді түрде қолдайды, сондай-ақ ауылшаруашылық техникасының өндірісі мен лизингі көлемінің өсуін ынталандырады. Аталған шараның барлығы өз нәтижесін беруде: биыл еліміздің дихандары дәнді дақылдар жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.

Егін жинау науқаны

Биыл көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын табысты жүргізуге қажетті барлық жағдай жасалды. Президент тапсырмаларын орындау аясында агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) қаржыландырудың қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Саланы жеңілдікті қаржыландыру көлемі алғаш рет рекордтық 580 млрд теңгені құрап, бұл қаражат егіншілерге тікелей несие беру, пайыздық мөлшерлемені төмендедіп, форвардтық сатып алуға бағытталды. 2025 жылы қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Қолайлы күзгі ауа райы егін жинау кезіндегі жауын-шашынға қарамастан, науқанды айтарлықтай шығынсыз өткізуге мүмкіндік берді.

Нәтижесінде, республика егіншілері дәнді дақылдар бойынша рекордтық көлемде өнім жинады: орташа өнімділік гектарына 16,1 центнер, 26,7 млн тонна астық бастырылды. 2023 жылы орташа өнімділік 10 ц/га құраған болатын. Сонымен қатар 3,2 млн тонна майлы дақыл (өнімділік 10,9 ц/га), 2,9 млн тонна картоп, 3,9 млн тонна көкөніс және 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды.

Агротехнологияларды дұрыс қолдану, сапалы тұқымдар, минералды тыңайтқыштар және өсімдіктерді тиімді қорғаудың арқасында жоғары өнімділікке қол жеткізілді.

Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жұмыстары жалғасын табады. Президент тапсырмалары бойынша әзірленген Жол картасы аясында 2024–2028 жылдар аралығында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру міндеті қойылды. Жалпы, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде 2030 жылға қарай бидай өнімділігін гектарына 20 центнерге дейін арттыру жоспарланып отыр. Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға арналған көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру биылдың өзінде басталып кетті.

Астық қабылдау

Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша, республикадағы астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30 млн тоннаны құрайды. Атап айтқанда, қолданыстағы лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарында – 12,7 млн тонна, ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде – 17,4 млн тонна астық сақталады. Көрсетілген қуаттылық көлемі өткен жылдардан қалған қорларды ескере отырып, жиналған өнімді сақтауға жеткілікті.

Астық қабылдау кәсіпорындарына шамамен 7,9 млн тонна астық тапсырылды, оның 5,7 млн тоннасы – бидай. Қалған астық егіншілер қоймаларында сақталуда. Қазіргі уақытта лицензияланған элеваторлар жүктемесі 44%-ды құрайды. Жаңа өнімді қабылдау үшін элеваторларды босату мақсатында астықты тасымалдау және өткізу жұмыстары жалғасуда. Тамыз айынан қарашаға дейін 3,5 млн тонна астық тасымалданды.

Егіс алқаптарын әртараптандыру

Қазақстан ауыл шаруашылығының үлкен әлеуетіне ие, бұл еліміздің әртараптандырылған және инклюзивті экономикалық өсуіне ықпал ете алады. Негізгі артықшылықтарының бірі – кең байтақ аумақ, халық тығыздығының төмендігі және үлкен ауыл шаруашылығы жерлерінің болуы. Республикада өндірісті сұранысқа сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ өсірілетін дақылдардың биологиялық қажеттіліктерін жергілікті агроклиматтық және табиғи жағдайларға неғұрлым көбірек сәйкестендіруге бағытталған ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша шаралар қабылдануда.

2024 жылы жалпы егіс көлемі 23,3 млн гектарды құрады, оның 21,1 млн гектары – жаздық егіс. Өткен жылмен салыстырғанда бидай алқабы 560,9 мың гектарға қысқарып, 13,1 млн гектарды ьқұрады. Майлы дақылдар көлемі 135,5 мың гектарға ұлғайып, 2,9 млн гектарға жетті.

Сонымен қатар қант қызылшасы алқаптарын (5,5 мың гектарға арттырып, нәтижесінде 25,2 мың гектарға дейін) ұлғайту және ылғалсүйгіш дақылдар: мақта (10 мың га) және күріш (2,2 мың га) алқаптарын қысқарту бойынша жұмыстар жүргізілді.

Нәтижесінде, қысқартылған алқаптарда әлеуметтік маңызы бар және жоғары рентабельді дақылдардың егіс алқаптары артады. Сондай-ақ өңірлерде берік жем-шөп базасын құру мақсатында жемдік дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту жұмыстары жүргізілді. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

Өнімдерді өткізу

Қазақстан жыл сайын 8-9 млн тонна астық экспорттайды, оның ішінде 6,5-7,5 млн тоннасы – бидай. Экспорт географиясы 40-тан астам елді қамтиды. Дәстүрлі нарықтар – Орталық Азия елдері, Ауғанстан, Қытай, Түркия, Иран, Италия, Тунис. Биылғы қараша айының соңына дейін 6,3 млн тонна астық экспортталды. Жаңа өнімді экспорттау көлемі 2,37 млн тонна, бұл – 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52%-ға артық.

Өзбекстанға жеткізілімдер көлемі 42%-ға өсіп, 944 мың тоннаны құрады, өткен жылы бұл көрсеткіш 665 мың тонна болған еді. Тәжікстанға жеткізілім 2023 жылғы 254 мың тоннадан 49%-ға артып, биыл 377 мың тоннаға дейін жетті. Қытайға экспорт көлемі 17%-ға артып, 355 мың тоннаға жетті (өткен жылы 304 мың тонна), Ауғанстанға жеткізілімдер көлемі 71%-ға ұлғайып, 115 мың тоннаны құрады (өткен жылы 67 мың тонна болған). Иранға экспорт көлемі 30 есеге дейін – 10 мың тоннадан 299 мың тоннаға артты.

Биыл экспорттық әлеует 12 млн тоннаға жетеді деп болжануда. Негізгі нарықтар – Орталық Азия елдері, Қытай, Ауғанстан, Италия және басқа елдер. Сондай-ақ Әзербайжан, Ауғанстан (Түркменстан арқылы транзитпен), Иран, Ирак, Солтүстік Африка елдері мен Еуропалық Одаққа Қара және Балтық теңіздері арқылы жеткізілетін астықты 2 млн тоннаға дейінгі көлемде тасымалдауды ұйымдастыру мәселесі пысықталуда. 

Жұмыстың тиімділігін арттыру үшін Қазақстанда астықты тасымалдауды жоспарлау үшін жедел астық штабын құру жұмыстары басталды. Экспорт географиясын кеңейту мақсатында халықаралық дәліздер құру жөніндегі жобалар іске асырылып жатыр.

Сонымен қатар нарыққа реттеуші ықпал тигізу мақсатында «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ егіншілерден астық сатып алу шараларын қабылдайды. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында берген тапсырмаларын орындау аясында жаңа өнімді тікелей сатып алу жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде Үкімет резервінен 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу арқылы 150 мың тонна өнімді нарықтық бағамен сатып алу ұсынылып отыр. Астықтың алғашқы сатып алуы шағын шаруа қожалықтарынан жүзеге асырылады, бұл өнімнің әділ бағамен сатылуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ артық астықты сатып алу тетігін енгізу арқылы ішкі нарықтағы баға жағдайына делдалдар ықпалын барынша азайту көзделіп отыр. «Азық-түлік корпорациясы» белгіленген стандарттар мен сапа талаптарын сақтай отырып, астықты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден конкурстық шарттармен сатып алады.

Тыңайтқыштарды субсидиялау

Тыңайтқыштар нарығында ең көп таралған аммиак селитрасы, аммофос, карбамид(несепнәр), аммоний сульфаты, сульфоаммофос және NPK (азот,фосфор,калий). Сонымен қатар аммоний нитраты мен аммофос жалпы тұтынудың 60%-дан астамын құрайды.

Қазақстанда тыңайтқыштардың үш түрі бойынша толық өндірістік цикл құрылған: аммиак селитрасы «ҚазАзот» АҚ-да, аммофос – «Қазфосфат» ЖШС-да, аммоний сульфаты – «ҚазАзот» АҚ-да және «Qarmet» ЖШС-да өндіріледі. Тыңайтқыштарға ғылыми қажеттілік физикалық салмақта 3,2 млн тоннаны құрайды, ал отандық өндірушілер қуаты осы қажеттіліктің 56%-ын, шамамен 1,8 млн тоннаны құрайды (оның ішінде «ҚазАзот» АҚ 420 мың тоннаны, ал «Қазфосфат» ЖШС 1 млн тоннаны өндіреді).

Қазіргі уақытта Қазақстанда субсидияларды 60%-ға дейін ұлғайта отырып, аванстық өтінімдерді қарауға басымдықпен, отандық тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігі енгізілді. Сондай-ақ 1 гектар егістік алқабына тыңайтқыш енгізу нормасы да ұлғайтылды, бұл топырақты негізгі қоректік заттармен толықтырады. Облыс әкімдіктері кепілдігімен отандық өндірушілер тыңайтқыштар төлемі үшін шаруларға бөліп төлеумен қамтамасыз етеді.

Биылғы 1 желтоқсанындағы жағдайға сәйкес, шаруалар 1,3 млн тонна тыңайтқыш енгізді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Шаруалардың субсидияларға деген қажеттіліктерін толық қанағаттандыру мақсатында тыңайтқыштарды субсидиялауға қосымша қаражат бөлу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ өнім түрлерін кеңейте отырып, минералды тыңайтқыштар өндірісі көлемін ұлғайту жоспарлануда. Тыңайтқыш өндірушілерді жылжымалы құраммен уақтылы қамтамасыз етуге назар аударылады.

Несие қаражаттарының қолжетімділігін арттырудың маңызды құралы – сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің төлем қабілеттілігін арттыруға, несиенің қайтарылмау қаупін азайтуға және агробизнестің несиелік жүктемесін жеңілдетуге ықпал етеді.

Биыл саладағы несие құнын төмендету тәсілдері қайта қаралды. Алғаш рет алты тарату арнасын пайдалана отырып, дала жұмыстарын қаржыландыру үшін бәсекелестік жағдай жасалды, ал Аграрлық несие корпорациясының тарапынан қаржыландыру көлемі 82,3 млрд теңгені құрады

Кепілмен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі мәселесін шешу үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры несие сомасының 85%-ын жабатын қарыздарға кепілдік беру тетігін енгізді. Сондай-ақ айналым қаражатын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы толықтыру мақсатында өңдеу кәсіпорындарын жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламасы да әзірленді, ол егін мен шикізатты өткізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ отандық қайта өңдеу зауыттарының жүктемесін ұлғайтуға бағытталған.

Мал шаруашылығын дамыту

Биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда еліміздің ауыл шаруашылығында мал басы мен құс саны артты. Ірі қара мал (ІҚМ) – 8,2 млн бас (120,6%), оның ішінде сиыр – 4,4 млн бас (123,3%), жылқы – 4,1 млн бас (104,9%), түйе – 2,8 млн бас (104,7%). Сүт өндірісі 3 млн тоннаға (104,2%) жетті, оның 1 млн тоннасы (107,5%) ауыл шаруашылығы құрылымдарында өндірілді. 

Тауық жұмыртқасын өндіру 3,7 млрд данаға дейін (100,9%) жетті, оның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарында 3,1 млрд данаға дейін (101,5%) ұлғайды. 

Жергілікті атқарушы органдар деректеріне сәйкес, республика бойынша 2024-2025 жылдардағы қыстау кезеңінде 35,2 млн тонна шөп немесе жоспардың 143,9%-ы, 2 млн тонна пішен не жоспардың 117,9%-ы, 5,1 млн тонна сабан немесе жоспардың 111,9%-ы, 2,3 млн тонна сүрлем немесе жоспардың 117,9%-ы, сондай-ақ 5,8 млн тонна жем не жоспардың 104,4%-ы дайындалды.

Дайындалған мал азығының көрсетілген көлемі өнім мен төл алудың жоспарлы көлемін, жалпы мал басының сақталуын, толыққанды азықтандыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту

2024 жылы 7 жыл мерзімге жылдық 5%-дық мөлшерлемемен 120 миллиард теңгеге ауқымды жеңілдікті лизинг бағдарламасы іске қосылды. 2024 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша шаруалар 212,9 млрд теңгеге 9 887 техниканы лизингке алды, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50%-ға артық.

Келесі жылы жеңілдетілген лизинг бағдарламасына 200 млрд теңгеге дейін, ал Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бағдарлама бюджетін 450 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңартуда оң өсу динамикасын қамтамасыз етеді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 149,9 мың трактор, 38,7 мың комбайн, 5 мың егіс кешені, 76,4 мың тұқым сепкіш және 219 мыңға жуық топырақ өңдейтін және мамандандырылған техника бар. Соңғы 8 жылда ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі оң динамика көрсетті: 2017 жылғы 1,9%-дан 2023 жылы 4,5%-ға дейін (екі есе), технологиялық жаңарту нормасы 8-10%.

Биыл ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялаудың жаңа тетігі енгізілді:

    • Қазақстанда өндірісі жолға қойылған техниканың импорттық аналогтарын субсидиялау мүмкіндігі алынып тасталды;
    • Отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасы үшін жоғары норматив субсидияланады – 30%;
    • Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға несиелер/лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялаудың сараланған тетігі қолданылды: отандық өндіріс техникасы үшін сыйақы мөлшерлемесі 6%-ға дейін, импорттық техника үшін 15%-ға дейін субсидияланады.
    • Қазақстанда өндірісі жолға қойылмаған мамандандырылған техника үшін (мысалы, мақта, картоп жинау үшін) субсидия нормативі 25%–ға., ал қант қызылшасын жинау техникасы үшін 50%-ға дейін құрайды.

Жаңа тәсілдер қосымша бюджет қаражатын тартпай-ақ отандық ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялау көлемін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *