ҚАР ҚҰРСАУЫНДА ҚАЛҒАНДАР ҚҰТҚАРЫЛДЫ
Жамбыл облысында аязға байланысты оқушылар бүгін онлайн форматта оқыды. Ертең де сабақ қашықтықтан өтпек. ТЖД мамандары ауа температурасының күрт төмендеуі себепті азаматтарға ұзақ жолға шықпауды ескертсе де, қар құрсауында қалғандар жетерлік.
Жамбыл облысында қолайсыз ауа райында жолға шыққан азаматтарды құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше 11-не 12 қараған түні өңірде 16 азаматты құтқарылған. Ал 12-нен 13-не қараған түні жоғалған 56 адамда табылған. Қазір облыста авариялық және іздестіру құтқару жұмыстары одан әрі жалғасып жатыр.
– Жалпы ескертулерге қарамастан біздің азаматтар жолға шығып, алыс жолға шығып техникалық ақаулықтарға байланысты олардың көліктері жолда қалып жатыр. Құтқарушылар күнделікті азаннан кешке дейін 24 сағат кезекшіліктерін атқаруда. Кез келген уақытта көмекке шығуға дайын. Барлық техника жеткілікті, жеке құрам жеткілікті,-дейді Карина Карташова, ЖО ТЖД ресми өкілі
Қазіргі таңда өңірде барлық республикалық маңызы бар жолдар ашылды. Алайда көлік қозғалысы жол патрульдік полиция қызметкерлерінің күні түні бақылауында. Әсіресе ескі Күйік асуында мамандар ауыр жүк көліктеріне бағыт бағдар беруде. Бүгін облыс әкімі мұндағы жағдайды көзбен көріп қайтты.
Төтенше жағдайлар департаменті жүргізушілер мен жолаушыларға ауа-райының қолайсыздығына байланысты алдағы күндері де жолға шықпауды ескертеді. Қар мен боранда көлік істеп шығып, жолда қалуыңыз мүмкін. Айта кету керек, осы сынды жағдайға тап болсаңыз 101 немесе 102 нөміріне хабарласуыңыз қажет.